Қазақстан Республикасы Энергетика вице-министрі Әлібек Жамауов Ашхабадта өткен «Бейбітшілік және сенім жылы: Орнықты дамуды қамтамасыз етудегі өңірлік экономикалық ынтымақтастықтың рөлі» атты халықаралық конференцияға қатысты, деп хабарлайды DKnews.kz.
Іссапар барысында энергетикалық ынтымақтастықтың негізгі мәселелері, соның ішінде газ инфрақұрылымын дамыту, газдандыру және газ жобаларына инвестиция тарту мәселелері талқыланды. Қазақстан газды барлау, өндіру, тасымалдау және өңдеу саласындағы бастамаларын, сондай-ақ газ өңдеу зауыттарын салу бойынша жүзеге асырылып жатқан жобаларын ұсынды.
“Қазіргі жаһандық энергетикалық жағдай қарқынды технологиялық даму мен жаңа экологиялық сын-қатерлерге байланысты өзгерістерге ұшырауда. Осындай жағдайда Қазақстан табиғи газды орнықты экономикалық дамуды қамтамасыз етудің және ұлттық әрі халықаралық деңгейде энергетикалық қауіпсіздікті нығайтудың негізгі элементі ретінде қарастырады. Бүгінде еліміз газды барлау, өндіру, тасымалдау және өңдеу бағыттарын белсенді түрде дамытып, инвестиция тарту мен ұзақ мерзімді ынтымақтастық үшін берік негіз қалыптастыруда” Әлібек Жамауов
Конференцияда халықаралық әріптестік пен газ саласындағы өзара іс-қимылды кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қазақстан мен Түрікменстан табиғи газдың стратегиялық маңыздылығын ескере отырып, энергетика саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделілік білдірді.
Конференция қорытындысы бойынша тараптар газ инфрақұрылымын дамыту, инвестициялық жобалар және озық технологиялармен алмасу бағыттары бойынша диалог пен бірлескен жұмысты жалғастыруға келісті.