Шымкенттегі әскери шақыру науқаны

2849
Фотосурет: Шымкент гарнизонының баспасөз қызметі

Шымкентте көктемгі шақыру науқаны үш апта бұрын басталып, қарқынды жүріп жатыр, деп хабарлайды DKnews.kz.

Осы уақыт ішінде мегаполистен 18-27 жас аралығындағы жүз жиырмадан астам жігіт шақырылды. Көктемгі шақыру аясында қаладан мыңнан астам әскерге шақырылушыларды қызметке жіберу жоспарлануда.

Шақыру жоспарына сәйкес бірінші кезекте ҚР ҰҚК Шекара қызметі бөлімшелерін жасақтау жүреді. Биыл Шымкенттен аталған бөлімшелерге ел шекарасының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге 150-ден астам адам жіберіледі.

Шымкент қаласының қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары полковник Әжімұхан Шынтаев соңғы бірнеше жылда әскерге шақырылушылардың қызмет ету және әлеуметтік қорғау жағдайларын жақсартуға бағытталған әскерге шақыру процессіне елеулі өзгерістер енгізілгенін атап өтті.

Атап айтқанда, ол шақырылушыларға қаржылық қиындықтарды тудырмау үшін шақырылған сәттен бастап 14 айға несие төлемдерін тоқтата тұруға мүмкіндік беретін несиелік демалыстарды енгізуге тоқталды.

"Шақыру науқаны бекітілген жоспар бойынша өтеді. Азазаматтар медициналық тексеру нәтижесіне, кәсіби-психологиялық іріктеуіне және денсаулық жағдайы мен дайындық деңгейіне байланысты әскерлерге бөлінеді. Сонымен қатар, заңнамалық деңгейде азаматтық және әскери жоғары оқу орындарына түсу бойынша жеңілдіктер қарастырылған. Қызмет аяқталғаннан кейін жастар қосымша артықшылықтарға, соның ішінде білім беру гранттарына ие бола алады" Полковник Әжімұхан Шынтаев

Сонымен қатар, полковник Әжімұхан Шынтаев әскери қызметке шақырудан жалтару ауыр құқықтық зардаптарға әкелетінін атап өтті.

"Әскери қызмет әрбір жігіттің заңмен белгіленген міндеті екенін еске салғым келеді. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекске сәйкес, дәлелсіз себептермен келмегені үшін айыппұлдар, ал медициналық куәландырудан жалтарғаны үшін ескерту немесе айыппұл қарастырылған. Қылмыстық жауапкершілік заңды негіздер болмаған кезде қызметтен жалтарған жағдайда туындайды, бұл айыппұлдарға, түзеу жұмыстарына, қоғамдық жұмыстарға немесе тіпті бас бостандығынан айыруға әкелуі мүмкін" Полковник Әжімұхан Шынтаев

Шымкентте шақыру науқаны 30 маусымға дейін жалғасады және барлық іс-шаралар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қатаң түрде өткізіледі. Шақыру қағаздары әскерге шақырылушыларға тұрғылықты немесе жұмыс орны бойынша, сондай-ақ 1414 сервисінен SMS-хабарламалар арқылы жеткізіледі. Қызметті кейінге қалдыруды немесе босатуды жергілікті атқарушы органдар арқылы не электрондық үкімет порталында ресімдеуге болады.

Кейінге қалдыру процесі толығымен автоматтандырылған. Бұрын қағаз анықтамаларды ұсыну талап етілсе, енді студенттер туралы мәліметтер Қорғаныс министрлігінің ақпараттық жүйесіне тікелей Оқу-ағарту министрлігі мен Ғылым және жоғары білім министрлігінің базаларынан беріледі. Шетелде оқитын азаматтар электрондық үкімет порталы арқылы студенттер ретінде тіркеле алады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -