Үкіметтің Азаматтарды қабылдау орталығында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов азаматтарды жеке қабылдады. Кездесу барысында тұрғын үй саясатына және елдің әртүрлі өңірлеріндегі азаматтардың өзекті мәселелеріне қатысты маңызды сұрақтар көтерілді, деп хабарлайды DKnews.kz.
Қабылдау кезінде «Бақытты Отбасы» бағдарламасына қатысты мәселелер қозғалды — көпбалалы аналар бірнеше жылдан бері кездесіп келе жатқан қиындықтарын жеткізді. Қатысушылардың бірі — батыр ана әрі жалғызбасты ана — баспананы жекешелендіруге көмек көрсетуді сұрады. Сондай-ақ, «Олжас» шаруа қожалығының өкілі су тасқынынан келген мүліктік шығын мәселесін көтерді. Бұдан бөлек, азаматтар тұрғын үй кезегін қалпына келтіру және оны қайта қарау мәселесін қозғады.
Вице-министр азаматтардың барлық өтініштерін тыңдап, қолданыстағы заңнама аясында мүмкін шешу жолдары бойынша түсініктеме берді. Әрбір өтініш бойынша салалық құрылымдық бөлімшелерге нақты тапсырмалар беріліп, бірқатар мәселелер вице-министрдің жеке бақылауына алынды.