Ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың құқықтарын қорғау Қарағанды облысы прокурорларының қадағалау қызметінің басым бағыты болып табылады, деп хабарлайды DKnews.kz.
Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарында жүргізілген тексерулер барысында әрекетке қабілетсіз тұлғалардың меншік құқықтарының бұзылатыны анықталды.
Атап айтқанда, қамқорлықтағылардың зейнетақылары мен жәрдемақылары кездейсоқ және қисынсыз жұмсалып, бірінші кезектегі қажетті заттар (азық-түлік, т.б.) нарықтық бағадан екі есе қымбат бағаға сатып алынған.
Бұл жағдай жәрдемақы мен зейнетақының 70 пайызы мемлекеттік сатып алу туралы заңнамаға сәйкес жұмсалуы қажеттілігінен туындаған.
Ал қалған 30 пайыз қаражатты қорғаншы қамқорлықтағылардың қажеттіліктерін бәсекелес баға саясатынсыз анықтайтын комиссияның шешімі негізінде ғана өз бетінше жұмсайды.
Облыс прокуратурасы Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне заң бұзушылықтарды жою туралы ұсыну енгізді.
Тиісті министрлікке Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарының адамның жасына, еңбек өтілі бойынша зейнетақы төлемдерін және мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды қолдану жөніндегі 2023 жылғы 25 мамырдағы № 174 қағидаларына өзгерістер енгізу ұсынылды.
Ұсынуды қарау нәтижелері бойынша қолданыстағы Қағидаларға өзгерістер енгізу бойынша шаралар қабылданды және олар бүгінгі күні мүдделі мемлекеттік органдармен келісілуде.
Бұл шаралар бүкіл елдегі әрекетке қабілетсіз адамдардың мүліктік құқықтары мен мүдделерін қорғауға мүмкіндік береді.