Криптовалюталар әлем бойынша қарқынды дамып, инвесторлар мен бизнеске жаңа мүмкіндіктер ұсынып келеді, деп хабарлайды DKnews.kz.
Қазақстанда цифрлық активтерді өндіру (майнинг) жылдам өсіп келе жатқан салалардың біріне айналды, бұл мемлекет тарапынан реттеу мен бақылауды күшейтуді талап етеді.
Майнинг қалай жұмыс істейді?
Майнинг – бұл қуатты есептеу жүйелерін пайдалана отырып, криптовалюта өндіру процесі. Арнайы жабдық күрделі математикалық есептеулерді орындайды, блокчейндегі транзакцияларды растайды және оның қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Майнерлер осы қызметі үшін криптовалюта түрінде сыйақы алады.
Бүгінгі таңда Қазақстанда ресми түрде 75 майнер тіркелген. Соңғы үш жылда олардың қызметінен түскен салықтық түсімдер барлық салық түрлері бойынша 17,7 млрд теңгені құрады, оның ішінде цифрлық майнингке төленетін алым – 11,6 млрд теңге.
2024 жылға арналған салықтық тексерулер барысында бірқатар заң бұзушылықтар анықталып, 4,9 млрд теңге көлемінде қосымша салық есептелді, оның ішінде: 2,3 млрд теңге – цифрлық майнингке төлем, 2,6 млрд теңге – корпоративтік табыс салығы.
Цифрлық майнингке төлемді камералдық бақылау нәтижесінде бюджетке қосымша 451 млн теңге түсті.
Сонымен қатар, криптовалютаны сатқан азаматтардың кірістерін төмендету фактілері анықталды. Нәтижесінде, оларға 4,3 млрд теңге көлемінде жеке табыс салығы қосымша есептелді.
Мемлекеттік кірістер комитеті криптоиндустрияны өндіруден бастап цифрлық активтерді сатуға дейінгі барлық кезеңдерде бақылау жұмыстарын жалғастыруда.