Грузияның Тбилиси қаласында 24-25 наурыз күндері көру қабілеті зақымдалған спортшылар арасында парадзюдодан Әлем кубогы өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Жарысқа 19 елден 150-ге жуық татами шебері қатысты. Қазақстан құрамасы сапында Астана қаласының төрт спортшысы ел намысын қорғады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Бәсекенің алғашқы күнінде елордалық параспортшы Ақмарал Науатбек (J2, 48 кг) үздік шығып, алтын медаль жеңіп алды. Финалда ол Германия өкілі Изобель Тайды ұстау әдісімен (осаэкоми) жеңіп, жеңіс тұғырына көтерілді. Айта кетейік, бұл – Ақмаралдың Олимпиада чемпионы белгісі саналатын «Алтын тігіспен» шыққан алғашқы жарысы болды.
Астана қаласының тағы бір спортшысы Ерғали Шәмей алғашқы белдесуінде жеңіске жеткенімен, жарақатына байланысты жарысты жалғастыра алмады. Ал Бауыржан Арыстанбеков 7-орынмен шектелді.
Айта кетейік, бұл дода – Паралимпиададан кейін жаңа салмақ дәрежесінде өткен алғашқы халықаралық жарыс. Жалпы есепте Қазақстан құрамасы 3 алтын, 2 күміс, 1 қола медальмен 4-орынға ие болды.