Еліміздің барлық аумақтарында су басу қаупін азайту және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында су тасқынына қарсы белсенді іс-шаралар жалғасуда. Әр түрлі өңірлерде мұз қабатын босатуға, өзендердің жағалауын нығайтуға, сондай-ақ қар шығару мен су соруға бағытталған кешенді жұмыстар жүргізілуде, деп хабарлайды DKnews.kz.
Биылғы жылдың 1 наурызынан бастап ТЖМ, жергілікті атқарушы органдар мен басқа да ұйымдардың күшімен 1,9 миллионнан астам текше метр су сорылып, 400 мыңнан астам қапшық және 20 мың тонна инертті материал төселді. Іс-шаралар аясында 808 мыңнан астам метр су бұру арықтары тазартылды.
Су тасқынына қарсы жұмыстарына 3 мыңнан астам маман, сондай-ақ су тасқыны қаупі жағдайында қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстарды орындау үшін пайдаланылатын 761 бірлік техника, 161 мотопомпа және 30 жүзу құралы қатысады. Операцияға ТЖМ, ІІМ, ҰҰ, Қорғанысмині және басқа да ведомстволардың қызметкерлері жұмылдырылды.
Үздіксіз жұмыс су тасқынының алдын алуға және ықтимал су тасқынынан болатын зиянды азайтуға бағытталған, бұл әсіресе су тасқыны кезеңінде маңызды.