Премьер-министр Олжас Бектенов Павлодар облысына жұмыс сапары аясында «Түсті металлургия жоғары колледжінде» болып, онда Мемлекет басшысы жариялаған Жұмысшы мамандықтары жылы шеңберінде жұмысшы мамандар даярлау сапасын арттыру және жұмыс берушілермен өзара іс-қимылды кеңейту жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысын тексерді, деп хабарлайды DKnews.kz.
Олжас Бектеновке өңірдегі өнеркәсіпте сұранысқа ие болашақ мамандардың біліктілігі мен дағдыларының картасы ұсынылды. Жұмыспен және тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелерімен қатар, жас мамандарды қолдау шараларына назар аударылды. Кәсіптік техникалық білім беруді дамыту шеңберінде облыста «Жаңа кәсіптер атласы» енгізілуде және «Колледждер мен ERG компаниясының альянсы» құрылуда.
Президенттің тапсырмасына сәйкес, жастардың жұмысшы мамандығына деген ынтасын арттыру және олардың беделін көтеру үшін кешенді шаралар іске асырылуда. Үкімет өнеркәсіп, энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы және су ресурстары саласындағы жұмысшы мамандарына бағытталған «Наурыз жұмыскер» жаңа ипотекалық бағдарламасын іске қосты. Бағдарлама негізінде 72 млрд теңгеге 2 440 қарыз беріледі. Тұрғын үй мәселесін шешуге қолдау көрсету жұмысшы мамандығында оқуға айтарлықтай ынталандырады.
Бұдан басқа, инфрақұрылымды жаңғыртудың ауқымды жобалары жарияланды, оларды іске асыру үшін техникалық білімі мен жетілдіруге ұмтылысы бар жастар қажет.
Сонымен қатар инновациялар мен цифрлық шешімдерді қолданудың маңыздылығы атап өтілді. Оқу-ағарту министрлігіне облыс әкімдігімен бірлесіп, Павлодар облысының тәжірибесі негізінде «Колледждер мен кәсіпорындардың альянсын» құру тапсырылды. Сондай-ақ Павлодар облысының «Жаңа кәсіптер атласы» шеңберінде әзірленген біліктілік арттыруды аяқтағаннан кейін диплом алу үшін техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру мамандықтарының жіктеліміне енгізу қажет.
Техникалық мамандықтардың студенттері Премьер-министрге таңдаған мамандықтары, оқудағы жетістіктері және болашақта жұмысқа орналасу жоспарлары туралы айтып берді.
«Темір жонушы мамандығы – машина жасауда кең таралған әрі сұранысқа ие мамандықтардың бірі. Менің бұл саланы таңдауыма себепші болған және алғаш осы мамандыққа қызығушылығымды оятқан – менің ағам. Алдағы уақытта өзімнің білімім мен білігімді арттырып, өндірістік салада жұмыс істеуді жоспарлап отырмын» Деді «темір жону ісі» мамандығының 2 курс студенті Қайсар Дәулетбаев
«Электр жабдықтары» мамандығы бойынша 2 курс студенті Александр Беляев WorldSkills байқауына қатысу жоспарлары туралы айтып берді.
«Мен электр қозғалтқышын реверсивті басқару схемасы «жұлдыз-үшбұрышты» құрастырдым. Бұл схема металлургия өндірісінде, шикізатты тиеу-түсіру және болат балқыту цехтарында, конвейерлерді, диірмендерді іске қосу үшін кеңінен қолданылады» Александр Беляев
Сондай-ақ 4 курс студенті Илья Горловтың WorldSkills және ERG Skills байқауларында жеңімпаз атанған жұмыстары көрсетілді.