Қалалық қорғаныс жөніндегі департаментінің жиынақ бекетінде Шекара қызметі бөлімшелеріне әскер қатарына шақырылғандардың соңғы командасын салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Қазіргі уақытта Шымкент қаласының жергілікті әскери басқару органдары Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің бөлімшелерін жасақтауды аяқтауда. Шымкенттен әскерге шақырылған соңғы 32 азамат мемлекеттік шекарада әскери борышын өтеу үшін Алматы қаласына аттанады.
Шараға Шымкент қаласы әкімі аппараты басшысының орынбасары Әсет Әбдіраханов, қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы полковник Әбдіғабит Шегебаев, Қарулы күштердің құрметті ардагерлері, сондай-ақ қала мектептерінің «Жас сарбаз» әскери-патриоттық сыныптарының оқушылары қатысты.
Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы, полковник Әбдіғабит Шегебаев әскер қатарына жаңадан қабылданғандарды өмірлеріндегі маңызды кезеңнің басталуымен құттықтап, әскери мамандықтарын меңгерулеріне сәттілік тіледі.
– Осы командамен бірге қаламыздан Шекара қызметіне 150-ден астам адам шақырылды. Бүгін біз Шекара қызметінің бөлімшелерін жасақтау жұмыстарын аяқтап жатырмыз, жақын күндері Қарулы күштер қатарына шақыру басталады, оған 18 бен 27 жас аралығындағы 500-ге жуық шымкенттік аттанады. Бір жылға ғана созылатын мерзімді қызмет, елең еткізбей ұшатын әскери борышын өтеуге қолайлы жағдай жасалған. Қызметін аяқтағаннан кейін әрбір сарбаз еліміздің жоғары оқу орындарына тегін оқуға түсуге немесе келісімшартқа отырып, кәсіби әскери қызметші ретінде қызметін жалғастыруға мүмкіндік алады, - деп атап өтті полковник Әбдіғабит Шегебаев.
Шымкент қаласы әкімі аппараты басшысының орынбасары Әсет Әбдіраханов әскери қызмет – әрбір азаматтың қасиетті борышы ғана емес, әр отбасының қауіпсіздігінің кепілі екеніне тоқталды.
– Сарбаз атанып, қолына қару алу, әскери борышын өтеу – әрбір ер азамат үшін үлкен мәртебе. Ата-бабаларымыз кең байтақ жерімізді қасық қаны қалғанша қорғап, бізге аманат етіп қалдырды. Олардың мұрасына лайық болу – әр ұрпақтың перзенттік парызы. Сіздердің еліңізге абыроймен қызмет ететін ержүректі жауынгер болатындарыңызға сенімдіміз. Сізге сәт-сапар тілейміз! Міндетіңізді абыроймен атқарып, үйлеріңізе батыр азаматы болып оралыңыз! – деді Әсет Әбдіраханов.
Қоштасу сөзіне қалалық «Қарулы күштер ардагерлері» кеңесінің төрағасы, отставкадағы полковник Серікбай Оңбаев та қосылды. Ол жас жауынгерлерге табысты қызмет тілеп, мемлекеттік қауіпсіздікті сақтаудың маңыздылығына тоқталды.
– Әрбір азамат өз елінің болашағы үшін, жақындары үшін жауапты. Бүгін сендер ең құрметті де, игі борыштардың бірі – Отанға қызмет етуді атқарғалы отырсыңдар. Қызметіңіз адал және лайықты болсын! – деп түйіндеді сөзін Серікбай Оңбаев.
Әскерге шақыру науқанының жоспарына сәйкес бірінші айда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі мен Мемлекеттік күзет қызметінің бөлімшелері жасақталып, одан кейін Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің, Төтенше жағдайлар министрлігінің және Ұлттық ұланның әскери бөлімдеріне әскерге шақыру басталады. Небәрі төрт айдың ішінде Шымкенттен әскерге шақыру жасындағы 1000-нан астам азамат шақырылады.