ҚР ІІМ Ұлттық ұланы көктемгі су тасқынының салдарын жоюға және оған қарсы іс-шараларды жүргізуге белсенді қатысуда, деп хабарлайды DKnews.kz.
Петропавл қаласында «Орталық» өңірлік қолбасшылығының 6637 әскери бөлімінің 60-қа жуық әскери қызметшісі наурыз айының басынан бері Тепличное ауылына жұмылдырылды. Олар 7 000-нан астам құм салынған қаптарды дайындап, елді мекенді су тасқынынан қорғау үшін жасанды қоршаулар салды.
Бұдан бөлек Қостанайда орналасқан 6697 әскери бөлімінің 100-ге жуық әскери қызметшісі Арқалық, Торғай аудандарындағы және Ақкөл ауылындағы су тасқынының салдарын жоюға көмек көрсетуде. Олар қазірдің өзінде инертті материалдар салынған 10 000-нан астам қаппен судан қорғайтын тосқауылдар жасады.
Сондай-ақ 5546 әскери бөлімінің 60 әскери қызметшісі және облыстық төтенше жағдайлар департаментінің 34 маманы Қызылқоға ауданының Миялы ауылында жағалауды нығайту жұмыстарын үздіксіз жүргізуде. Негізгі міндет - өзеннің арнадан тасуын болдырмау және су басу қаупін барынша азайту.
Әскери қызметшілер мен ТЖМ қызметкерлері өзеннің тасуын болдырмау үшін аудан шетіндегі көпір бөгеттерін белсенді түрде нығайтуда.
Жұмыстар екі ауысыммен жүргізіледі: бір топ қаптарды құммен толтырса, екіншісі жағалау жиегін нығайтады. Қазіргі уақытта 6 500 қап толтырылып, су басудың алдын алу бойынша іс-шаралар жүргізілді. Барлық жұмыс жергілікті билік органдары мен құзыретті қызметтердің қатаң бақылауында.
Айта кету керек, жеке құрам үшін тамақтану және жылыту пункттері ұйымдастырылды Жергілікті тұрғындар жедел көмек көрсеткені үшін Ұлттық ұлан қолбасшылығына алғыстарын білдірді.
Қорғаныс қоршауларын тұрғызудан басқа Ұлттық ұланның әскери қызметшілері су басқан аудандарда қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етеді. Олар су басу қаупі төнген тұрғындардың үйлеріне көмекке келіп, азаматтар мен олардың мүлкін қорғау үшін барлық шараларды қолдануда.