Қазақстан әлемдік қонақ үй брендтерін тартады

6017
Фотосурет: Gov

Астанада ҚР Туризм және спорт министрлігінің қолдауымен Wyndham Hotels & Resorts халықаралық қонақ үй желісі және Smart Strategies and Development компаниясы ұйымдастырған Wyndham Investment Forum өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.

Іс-шараға отандық туроператорлар, инвесторлар, екінші деңгейлі банк өкілдері, қонақ үй бизнесі саласындағы халықаралық сарапшылар, салалық мемлекеттік және квазимемлекеттік құрылымдардың өкілдері, сондай-ақ Wyndham Hotels & Resorts компаниясының EMEA өңірі бойынша президенті Димитрис Маникис қатысты.

Жиында қонақ үй индустриясын дамыту, инвестиция тарту, қызмет көрсетудің халықаралық стандарттарын енгізу және жаһандық брендтерді Қазақстанға тарту мәселелері талқыланды.

Сондай-ақ форум аясында қонақ үй саласын дамытуға бағытталған үш меморандумға қол қойылды. Құжаттар ҚР ТСМ Туризм индустриясы комитеті, Wyndham Hotels & Resorts халықаралық желісі, Smart Strategies and Development компаниясы және Kazakh Tourism АҚ арасындағы ынтымақтастықты бекітті. Келісім аясында алдағы 10 жыл ішінде Қазақстанда жеке инвестиция есебінен 20 жаңа қонақ үй ашу жоспарланып отыр. Бұл туристік инфрақұрылымды дамытуға, елдің тартымдылығын арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және халықтың сапалы қызметтерге қолжетімділігін жақсартуға ықпал етеді.

«Туристер үшін негізгі көрсеткіштердің бірі – орналастыру орындарының сапасы. Осыған байланысты ҚР Туризм және спорт министрлігі Wyndham компаниясымен Қазақстан аумағында ауқымды жобаларды іске асырудағы ынтымақтастығын жоғары бағалайды. Бүгінде елімізде Wyndham брендімен сегіз қонақ үй жұмыс істейді, алдағы уақытта Астана, Алматы және Бурабай курортында тағы бес нысанның ашылуы жоспарлануда. Халықаралық қонақ үй желілерінің кеңеюі қызмет көрсету деңгейін арттырып, елімізге туристер мен инвестиция тартуға қосымша серпін береді деп сенеміз» ҚР ТСМ Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Кәріпбаев

Аталған форумды ұйымдастыру – Қазақстанның халықаралық деңгейдегі іскерлік байланыстарын нығайтып, туристік инфрақұрылымын дамытуға жасалған маңызды қадам болды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -