Наурыз – бұл тек көктемнің келуі емес, ұлттық рухтың жаңғыруы, өнер мен дәстүрдің қайта түлеуі.
Осы мереке аясында 2025 жылдың 16 ақпан күні Солтүстік Қазақстан мен Шығыс Қазақстан облыстарының ақындары «Береке басы – Наурыз» атты республикалық командалық айтыста бас қосты.
Бұл додада Ұлттық ұлан академиясының әскери қызметшісі, мұражай филиалының аға маманы (жауапты орындаушысы), сержант Жұмабек Рахимов Қайыртайұлы өзінің ақындық өнерін көрсетіп, үздіктер қатарынан табылды. Күнделікті қызметінде темірдей тәртіпті сақтайтын әскери қызметші бұл жолы айтыс сахнасында суырыпсалма шеберлігін көрсетіп, ұлттық рухты жырмен өрнектеді. Оның өткір ойы, тапқырлығы мен шеберлігі көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды.
Сайыс Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі ақын Аманжол Әлтайдың жүргізуімен өтті. Ал қазылар алқасында айтыстың ақтаңгері Жүрсін Ерман, жырау Алмас Алматов, ақын Серік Қалиев, ҚР еңбек сіңірген әртісі Тұрар Әліпбаев, мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілі Рига Онаева және әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айтбек Нығызбаев төрелік етті.
Айтыс қорытындысы бойынша Солтүстік Қазақстан облысының командасы жеңіске жетіп, келесі кезеңге жолдама алды. Ал Ұлттық ұлан академиясының өкілі сержант Жұмабек Рахимов айтыста үздік өнер көрсетіп, арнайы жүлдеге ие болып, 500 000 теңге көлеміндегі сыйақыны қанжығасына байлады.
Жеңімпаз атанған сержант Жұмабек Рахимов айтыс аяқталған соң алғысын білдірді:
“Мен үшін бұл айтыс – тек сөз жарысы ғана емес, нағыз рухани мереке болды. Әскери қызметте тәртіп пен жауапкершілік басты орында тұрғанымен, ұлттық өнерді дәріптеу, ана тілімізді ардақтау – әрбір азаматтың парызы. Сахнада қарсыластарыммен сөз сайысына түсіп, халқымыздың бай мұрасын жырмен жеткізгеніме қуаныштымын. Бұл жеңіс – мен үшін үлкен құрмет! Ұлттық ұлан академиясының басшылығына, мені қолдаған барша әріптестеріме және көрермендерге зор алғысымды білдіремін!”
Ұлттық ұлан – тек тәртіп пен тәрбие ордасы ғана емес, ұлттық мәдениет пен руханияттың да тірегі. Айтыс сахнасында қызметкеріміздің өнер көрсетуі – әскери қызметшілердің жан-жақты дамығанын, ұлттық құндылықтарға бей-жай қарамайтынын тағы бір мәрте көрсетті.
Келесі кезеңде Солтүстік Қазақстан облысының командасына сәттілік тілейміз!
Қатардағы Маржан Талапкер