Астанада оқушылар мен студенттерге қаржылық қауіпсіздік негіздерін оқыту мәселелеріне арналған Қазақстан-Ресей форумы өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Іс-шараға Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элиманов, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, сала сарапшылары мен еліміздің 18 жоғары оқу орнының ректорлары қатысты.
Ресей делегациясын Федералдық қаржылық мониторинг қызметінің басшысы Юрий Чиханчин бастап келді.
Ресейдің жетекші 5 университетінің ректорлары білім беру жүйесінде қаржылық қауіпсіздікті ілгерілету және білікті мамандар даярлау тәжірибесімен бөлісті. Атап айтқанда, РФ Үкіметі жанындағы Қаржы университеті, Сібір федералдық университеті, Патрис Лумумба атындағы Ресей халықтар достығы университеті, П.Н. Лебедев атындағы Физика институты және Мәскеу инженерлік-физикалық институтының өкілдері форумға қатысты.
Юрий Чиханчин Қазақстан мен Ресейдің қаржылық қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимыл саласындағы көпжылдық ынтымақтастығының маңыздылығын атап өтті. Ол қаржылық қауіпсіздік бойынша халықаралық олимпиаданы өткізу секілді бірқатар бірлескен жобаларды жүзеге асырып жатқанын айтты.
Өз сөзінде Саясат Нұрбек қаржылық сауаттылықты арттыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізу қажеттілігіне назар аударды:
«Киберқылмыстардың артуына байланысты біз университеттер мен мектептерде қаржылық қауіпсіздікке қатысты курстар енгізе бастадық. Бұл курстарда маңызды тақырыптар қарапайым тілде түсіндіріледі. Сонымен қатар, білікті мамандар даярлау бойынша халықаралық ынтымақтастықты жалғастыру аса маңызды»
Форум аясында Astana IT University-де студенттерге арналған «XXI ғасырдың қарақшылары: жастарды қылмыстық схемаларға тарту тәуекелдері» тақырыбында қаржылық қауіпсіздік мәселелері бойынша дәріс оқылды.
Студенттерге «дропперлік» ұғымы, оған тарту тәсілдері және мұндай әрекеттер үшін қандай жауапкершілік көзделгені түсіндірілді.
Іс-шара қорытындысында Astana IT University Халықаралық желілік институт құрамына кіру туралы хаттамаға қол қойылды. Аталған институт қылмыстық кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласында жұмыс істейді.
Бұл келісім университет үшін қаржылық қауіпсіздік пен киберқылмыспен күрес бойынша заманауи білім беру өнімдерін әзірлеу мен енгізу бағытында жаңа мүмкіндіктер ашады.