Алматыда әскери қызметшілер соғыс ардагері Василий Зинченконы құттықтады

4620
Фотосурет: Gov

29 наурызда Ұлы Отан соғысының қатысушысы Василий Иванович Зинченко 101-ші туған күнін атап өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.

Қарияны Десанттық-шабуылдау әскерлерінің, Түрксіб ауданының қорғаныс істері жөніндегі басқармасының әскери қызметшілері, Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының, Құрлық әскерлері әскери институтының курсанттары, әкімдік пен ҚР Қарулы күштері ардагерлер кеңесі филиалының өкілдері құттықтады.

Ардагердің қаһармандық жолына терең құрмет көрсете отырып, оған Ұлы Жеңіске, бейбітшілікке қосқан баға жетпес үлесі үшін алғыс айтып, Қорғаныс министрінің атынан құттықтау хатын табыс етті.

Мерейтой иесі шын жүректен жылы лебізін білдіріп, майдан жылдары мен соғыс уақытындағы ауыр сынақтар туралы естеліктерін әңгімелеп берді.

Василий Иванович Ленинград, 2-ші Украина және Беларусь майдандарында шайқасты. Ол Сталинградты қорғауға, Польша мен Украинаны азат етуге және Берлинге шабуыл жасауға қатысты. Германия астанасында фашистік Германияны жеңді.

Соғыстан кейін Алматыға оралып, көп жылдар бойы жергілікті сүт комбинатында еңбек етті. Жұбайымен бірге үш ұл мен бір қыз тәрбиелеп өсірді. Олардан жеті немере, он үш шөбере және екі шөпшек сүйді.

Ұлы Отан соғысы жылдарында көрсеткен ерлігі мен батырлығы үшін Василий Зинченко Отан соғысы, Қызыл Жұлдыз ордендерімен және "Сталинградты қорғағаны үшін" және "Германияны жеңгені үшін" медальдарымен марапатталды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -