Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұрсынбаев бастаған үкіметтік жұмыс тобы Жамбыл облысында жұмысын жалғастыруда, деп хабарлайды DKnews.kz.
Екінші күні мамандар зардап шеккен аудандарға, яғни Меркі және Т.Рысқұлов атындағы ауданға тексеру жүргізіп, арнайы комиссиялардың есептерін тыңдады.
ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков тұрғын үйлер мен басқа да ғимараттардың зақымдану дәрежесі туралы мәліметтерді ұсынды.
ҚР ТЖМ Сейсмологиялық бақылау және зерттеу ұлттық ғылыми орталығының директоры Дәулет Сәрсенбаев өңірде орнатылған сейсмологиялық станциялар мен датчиктердің жұмысы туралы баяндады. Олар жер асты дүмпулерін тіркеп, сейсмикалық белсенділікті талдауға көмектеседі, бұл тәуекелдерді уақтылы бағалауға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта жағдай тұрақты, тіршілікті қамтамасыз ету жүйелері штаттық режимде жұмыс істеуде. Мамандар залалды бағалауды жалғастыруда және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды қабылдауда.