Бірізді стандарттар: Қазақстанда марапаттау жүйесі реформалануда

4950
Фотосурет: Gov

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті геральдикалық жұмыс басқармасы мен «Геральдикалық зерттеулер орталығы» РММ-нің ұйымдастыруымен «Мемлекеттік рәміздер мен ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградалар геральдикасы мәселелері» тақырыбында республикалық семинар өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.

Екі күндік семинарға еліміздің барлық өңірлерінен мемлекеттік органдардың, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі мен Сауда және интеграция министрлігінің өкілдері, Мәжіліс депутаттары мен қоғам қайраткерлері қатысты.

Іс-шараның басты мақсаты – мемлекеттік рәміздер мен ведомстволық наградалар геральдикасын талқылау, оларды насихаттау, ұлттық стандарттар мен заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ету, сондай-ақ адал еңбек иелерін марапаттау рәсімін біріздендіру.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда геральдика мәселесіне бірнеше мәрте тоқталып өткен болатын. Мәселен, Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда өңірлік нышандарды жүйелеу мәселесін көтерсе, таяуда Бурабайда өткен жиында ведомстволық марапаттарды ретке келтіруді  тапсырды.

Жиын барысында өңірлік нышандарды заң талаптарына сәйкес бекіту және оларды біріздендіру, мемлекеттік рәміздерге қатысты құқық бұзушылықтарды дер кезінде анықтап, тиісті шаралар қабылдау, мемлекеттік рәміздерді пайдалану тәртібі мен ұлттық стандарттардың сақталуы, сондай-ақ Мемлекеттік рәміздер күнін мерекелеу мәселелері талқыланды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -