Қазақстандағы қытайлық кәсіпкерлер балалар ауылына қаржылай қолдау көрсетті

4180
Тимур Раев Тілші

Елордада «Жылы жүрекпен балаларға көмек – Қытай компанияларының іс-қимылдары» қайырымдылық көмек беру рәсімі өтті.

Қазақстандағы Қытай кәсіпкерлерінің қауымдастық палатасы Астанадағы SOS балалар ауылына гуманитарлық көмек көрсетті. Кәсіпкерлер орталыққа 2 млн теңгенің сертификаты мен күнделікті өмірге қажетті заттар табыстады.

Қытайдың Қазақстандағы кәсіпкерлер қауымдастығы палатасының бас хатшысы Лю Юэ Қытай кәсіпорындарының өкілдері SOS балалар ауылының балаларына өз қамқорлығын білдіруді жөн көргенін атап өтті.

Қазақта «Бір бала – бір дүние» деген жақсы сөз бар. SOS балалар ауылындағы балалардың әлемі ерекше қамқорлыққа мұқтаж – олар өмірдің қиындықтарымен қатарластарынан ерте кезігіп қалуы мүмкін, бірақ олардың да жүрегі мейірім мен жылулыққа лайық. Қытай кәсіпорындары әрдайым «қоғамнан алып, қоғамға қайтару» қағидасын ұстанады. Балалар ауылының жағдайын білгеннен кейін, біздің палатамыздың мүшелері бірауыздан қиындыққа тап болған балаларға көмектесіп, үміт сыйлауға ниет білдірді. Біз Қытай кәсіпорындарының дамуы жергілікті қоғамдастықтың қолдауынсыз мүмкін еместігін түсінеміз, ал балаларға қамқорлық жасау – біздің тікелей жауапкершілігіміз. Бүгін біз тек төсек-жабдықтар, сүлгілер, пештер және басқа да аса қажетті заттарды ғана емес, Қытайдан шыққан шынайы тілектерді де ала келдік. Әр бала мейірімділікке бөленіп, өз армандарын жүзеге асыруға күш-жігер таба алсын! Деп ізгі телегін білдірді Лю Юэ

«Жылы жүрекпен балаларға көмек – Қытай компанияларының іс-қимылдары» атты қайырымдылық акциясы аясында 11 ұйым – China Chemical, Xi’an Aiju, China Xinxing, Energy China, Mocoh International, CREC-7, China Development Bank, ZPEC, CATIC, Konjak International және Қытай кәсіпкерлерінің қауымдастық палатасы – жалпы сомасы 2 052 990 теңге көлемінде қаржылай және заттай көмек жинады.

Қытайдың Қазақстандағы елшілігінің экономика және сауда жөніндегі кеңесшісі Су Юй қайырымды іске куә болу зор құрмет екенін айтты.

Қытайдың Қазақстандағы сауда палатасы ұйымдастырған қайырымдылық іс-шарасы – Қытай кәсіпорындарының әлеуметтік жауапкершілігінің айқын көрінісі. Сіздер байқап жүргендей, қазір «Қытайда жасалған» өнімдер Қазақстанда кеңінен қолданылады. Жеңіл рельсті көліктерден бастап, супермаркеттердегі электр құрылғыларына, сәнді балет театрларынан бастап, әртүрлі ауыл шаруашылығы өнімдеріне дейін – бәрінде Қытай компанияларының қолтаңбасы бар. Қытайлық кәсіпорындар Қазақстанда жаңартылатын энергия, инфрақұрылым және ауыл шаруашылығы салаларында «шағын, бірақ маңызды» жобаларды жүзеге асырып, жергілікті халықтың әл-ауқатын жақсартуға өз үлесін қосып келеді. Су Юй

Оның сөзінше, мұның бәрі Қытай мен Қазақстан арасындағы тұрақты жан-жақты стратегиялық серіктестіктің дамуы мен Қазақстан халқының Қытай кәсіпорындарына деген қолдауының нәтижесі.

Бүгін біз жиналған әрбір қайырымдылық көмегі – балалардың болашағын жарық ететін шамшырақ. Бұл оларға үміт пен сенім сыйлайды. Біз SOS балалар ауылындағы әрбір баланың дені сау, бақытты өмір сүргенін, әрі болашақта осы алған мейірім мен қамқорлықты өздері де жалғастырып, Қытай мен Қазақстан арасындағы достықтың ізгі елшілеріне айналғанын қалаймыз. Деп айтты Қытай елшілігінің экономика және сауда жөніндегі кеңесшісі Су Юй

China Xinxing Construction Development Co., Ltd. өкілі кәсіпорын әлеуметтік әл-ауқат мәселесін өз қызметінің ажырамас бөлігі ретінде қарастыратынын атап өтті.

Балалар – қоғамдағы ең қорғансыз топтардың бірі. Олар отбасылық жылудан айырылуы мүмкін, бірақ қоғамның қамқорлығын сезінбей қалмауы керек. Әрбір бала – болашаққа деген үміт және олардың мейірім мен қамқорлыққа толы ортада өсіп, дені сау жетілуі өте маңызды. Біз материалдық көмектің маңызын түсінеміз, бірақ рухани қолдау мен жігерлендірудің одан да қажетті екенін білеміз. Сондықтан, бүгінгі материалдық көмектен бөлек, біз балаларға психологиялық кеңес беру, білім беру қолдауы және басқа да әлеуметтік бағдарламаларды ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Мұның бәрі – балалардың өмір жолына жарық сәуле сыйлау мақсатында жасалады. Деді кәсіпкер

Ал Астана SOS балалар ауылының директоры Гүлнар Үскенбаева осынау қайырымды іс-шараға бастамашылық жасаған кәсіпкерлерге ризашылығын білдірді.

Оның сөзінше, бүгінгі қолдау ауылдағы ғимараттарды жөндеуге бағытталмақ.

Астана SOS балалар ауылы Астана қаласында өз қызметін 2000 жылдан бастап жүзеге асырып келе жатыр. Оның негізгі мақсаты – отбасылық тәрбие арқылы ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар мен жетім балаларға ұзақмерзімді қамқоршылық пен әлеуметтік-педагогикалық көмек көрсету.

Балалар ауылында бүгінде 85 бала тұрады. Оның ішінде мектеп оқушылары да, студенттер де бар.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -