Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының спорт командасын даярлау орталығының әскери қызметшілері 25-30 наурыз аралығында Амманда (Иордания) өткен Азия чемпионатын сәтті аяқтады, деп хабарлайды DKnews.kz.
Спортшылар жеке есепте екі медаль жеңіп алып, дайындықтың жоғары деңгейін көрсетті.
Ақтық сында 86 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде ұландық Болат Сақаев Иран өкілі Абольфазл Рахманимен кездесті. Қызу күресте қазақстандық спортшы жеңіліс тапқанмен, жеңіске деген ерік-жігерін көрсетіп, күміс медаль иеленді.
Ел қоржынына тағы бір марапатты Ұлттық ұлан спорт командасын даярлау орталығының аға нұсқаушысы Азамат Дәулетбеков салды. Ол 92 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде үшінші орынға тұрақтап, чемпионаттың құрмет тұғырына көтерілді.
Қазақстандық ұландықтардың қорытынды жетістіктері:
- 2 орын - Болат Сақаев (86 кг дейінгі салмақ дәрежесі);
- 3 орын - Азамат Дәулетбеков (92 келіге дейінгі салмақ дәрежесі).
Осылайша, Қазақстан құрамасы Азия чемпионатын бес жүлдемен аяқтады: бір алтын, екі күміс және екі қола.
Спортшылардың додадағы өнері тәртіп пен табандылық — ұландықтардың жауынгерлік және спорттық дайындықтағы табысының кепілі екенін тағы да дәлелдеді.