2025 жылдың 2-10 сәуірі аралығында Алматыда Әлем кубогына іріктеу кезеңі болып табылатын 3.4 Азия аймағының чемпионаты өтеді: 134 қатысушы (88 ер және 46 әйел) Батуми мен Нью-Делиге 7 жолдаманы сарапқа салады, деп хабарлайды DKnews.kz.
Алматыда өтетін турнир Орталық Азияның алты елі (әліпби ретімен) – Ауғанстан, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан мен Өзбекстанды қамтитын 3.4 Азия аймағының шахматшылары Әлем кубогына іріктелетін кезең болып табылады.
Бірақ 2023 жылдың мамыр айында, іріктеу турнирі Тәжікстан елордасы Душанбеде өткен кезде Бакуде өтеді деп белгіленген Әлем кубогына небары 3 жолдама – екеуі ерлер арасында және біреуі әйелдер арасында сарапқа салынған болса (сол жолы ол біздің шахматшылар Әсел Серікбай пен Әлишер Сүлейменов, сондай-ақ өзбек спортшысы Нодирбеку Якуббоевқа бұйырды), Алматыда өтетін жарыста жеңімпаз атанған үздіктер Батумиде (Грузия) 5-29 шілде аралығында өтетін Әйелдер арасындағы әлем кубогына 3 жолдама және 1-26 қарашада ерлер бақ сынасатын Нью-Делидегі (Үндістан) сайысқа 4 жолдама алады.
Аймақтық чемпионат «Атакент» ҚІЫО 7 және 8-ші павильондарында (Алматы, Тимирязев көшесі, 42, Әуезов көшесімен қиылысы) өтеді.
Турнирдің салтанатты ашылу рәсімі 2 сәуір сағат 14.00-де өтеді. Одан кейін бірден 1-ші тур басталады.
Ойын күндері: 2, 3, 4, 6, 7, 8 және 9 сәуір – бір турдан, 5 сәуірде екі тур өтеді. Шахматшылар швейцариялық жүйе бойынша классикалық уақыт бақылауымен, яғни алғашқы 40 жүріске 90 минут және партияның соңына дейін 30 минут берілетін, сондай-ақ әр жасалған жүріс үшін біріншісінен бастап 30 секунд қосылатын барлығы 9 турға қатысады.
Ерлер арасында да, әйелдер арасында да негізгі сайыс турнир қабылдайтын елдің және Өзбекстаннан келетін қонақтардың арасында өтеді. Осы орайда Түркменстан құрамасының көшбасшысы – ФИДЕ Президенттік кеңесінің алдағы мәжілісінде гроссмейстер (GM) атағының бекітілуін күтіп жатқан халықаралық шебер (IM) Сапармұрат Атабаевты (1 сәуірдегі рейтингі – 2530), GM Мейлис Аннабердиевты (2449) және әйелдер арасындағы ФИДЕ шебері (WFM) Лала Шохрадованы (2144) назарда ұстаған жөн.
Негізгі қарсы күресуші тараптарға келсек, Қазақстанның намысын «ауыр артиллерия» – GM Әлішер Сүлейменов (2478), IM Жандос Ағманов (2470), IM Алдияр Аңсат (2469), IM Арыстанбек Оразаев (2467), GM Рамазан Жалмаханов (2462), IM Эдгар Мамедов (24533), Азамат Өтеғалиев (2450), FM Даниял Сәпенов (2412) пен IM Әбілмансұр Әбділқайыр (2410) қорғайды.
Өзбекстанның ең мықты ойыншылары – GM Мухиддин Мадаминов (2536), GM Абдималик Абдисалимов (2525), GM Ортик Нигматов (2501), IM Мухаммадзохид Суяров (2469), IM Саидакбар Сайдалиев (2461), IM Хумоюн Бегмуратов (2435) және IM Алмас Рахматуллаев (2413).
Атап өтетіні, аймақтық турнирге қатысушылардың көпшілігі, атап айтқанда, Өзбекстан құрамасы, Атабаев, біздің шахматшыларымыз Әбілқайыр, Өтеғалиев және Аңсат 20-29 наурызда 18-ші рет Ташкентте өткен гроссмейстер Георгий Агзамов Мемориалына қатысты. Қатысушылар құрамы мықты бұл турнирде (20 гроссмейстер, олардың 8-інің рейтингі 2600-ден жоғары, және 35 халықаралық шебер) ойыншылар партияны әр түрлі нәтижемен аяқтады, сәтсіздікке ұшырағандары да бар. Мысалы, Алдияр Аңсат –10 ұпайдан 5½ ұпай алып, рейтинг жағынан 15-ке төмендеді және 59-шы орынға түсті. 7 ұпайдан жинаған Бегмуратов, Рахматуллаев, Суяров пен Мадаминов, тиісінше, 9-шы, 13-ші, 15-ші және 16-шы орынға табан тіреді. 7 турдан кейін 6 ұпай жинаған Атабаев 1-3-ші орынды болашақ жеңімпаз Сарин Нихалмен және болашақ үшінші жүлдегер Абхиманью Пураникпен (екеуі де Үндістаннан) бөлісіп келді, бірақ мәреге жеткенде үш рет жеңіліс тапқан ол 29-шы орынға түсті.
Әйелдер арасында, рейтинг бойынша алып қарасақ, өзбек спортшылары WIM Афруза Хамдамова (2326) мен WIM Умида Омонова (2263) ғана Қазақстан құрамасының мүшелері – WGM Алуа Нұрман (2347), IM Меруерт Камалиденова (2342), WGM Ксения Балабаева (2285), WGM Лия Құрманғалиева (2249), WIM Әсел Серікбай (2235), WFM Зарина Нұрғалиева (2199), WFM Аяулым Қалдарова (2179) мен WFM Елназ Қалиахметпен (2178) бәсекеге түсе алады.
Шахматтағы біздің көшбасшыларымыздың қатыспауына орай сұрақ туындауы мүмкін. Мұның жауабы қарапайым: GM Қазыбек Нөгербек (2544) – 20 жасқа дейінгілер санатындағы 2024 жылғы әлем чемпионы ретінде, GM Денис Махнёв (2537) және WIM Әмина Қайырбекова (2344) – 2024 жылғы Қазақстан чемпиондары және 2024 жылғы 45-ші Шахмат олимпиадасында ерекше шеберлік көрсеткен Қазақстанның ерлер мен әйелдер құрамаларының мүшелері ретінде, IM Бибісара Асаубаева (2494) ФИДЕ әйелдер рейтинг-листіндегі № 14 ретінде Әлем кубогына іріктеуден босатылған.
Турнирдің жүлде қоры 20 000 АҚШ доллары. Ол ерлер мен әйелдер арасында тең бөлінеді: жеңімпаздар әрқайсысы $3000 алады, 2-ші орынға шыққан ойыншыларға – $2500, 3-ші орынға ие болғандарға – $1500, 4-ші орын үшін – $1200, 5-ші орын үшін – $1000 және 6-шы орын алған әр қатысушыға $800 тиесілі болады.
Рейтинг көшбасшыларының визит карталары
Мухиддин Мадаминов. 18 жаста (2006 жылғы 2 қарашада дүниеге келген). Халықаралық шебер (2022), 2024 жылдан бастап – гроссмейстер. 2025 жылдың ақпанында Ташкентте өткен II Халықаралық «Әл-Бируни» шахмат турнирінде Masters санатында сенсация жасап жеңімпаз атанды. 9 қарсыласымен күш сынасқан Мадаминовтың рейтингі төменнен есептегенде үшінші – 2521 болды, 1-ші турда ол жеңіліп қалды, бірақ ақырында 6½ ұпай жинап, Владислав Артемьев (2691), Шант Саргсян (2660), Володар Мурзин (2657), Айк Мартиросян (2645), Ма Цюнь (2645) және Санан Сюгиров (2643) сияқты мүйізі қарағайдай гроссмейстерлерден озып кетті.
Сапармурат Атабаев. 26 жаста (1999 жылғы 30 наурызда дүниеге келген). Халықаралық шебер (2017), ФИДЕ Президенттік кеңесінің алдағы отырысында оның гроссмейстер атағы бекітіледі. Оның екі ағасы: туған ағасы Максат Атабаев – 2015 жылдан бері, немере ағасы Юсуп Атабаев 2020 жылдан бастап гроссмейстер. 2025 жылдың ақпанында Ташкентте өткен «Әл-Бируни» II Халықаралық шахмат турнирінде мықтылар құрамы жағынан үшінші саналатын – Futures турнирінде жеңіске жетіп, жеңімпаздардың бірі болды. Гроссмейстер Па Иниян сияқты 9 ұпайдан 7 ұпай жинаған Атабаев Зоннеборн-Бергер коэффициенті бойынша үздік шықты.
Алуа Нұрман. 17 жаста (2007 жылғы 25 сәуірде дүниеге келген). Әйелдер арасындағы халықаралық шебер (2021), 2024 жылдан бастап – әйелдер арасындағы гроссмейстер. Қазақстан әйелдер құрамасының сапында 2023 жылғы Әлем чемпионатының және 2024 жылғы Шахмат олимпиадасының күміс жүлдегері атанды.
Меруерт Қамалиденова. 19 жата (2005 жылғы 3 тамызда дүниеге келген). Әйелдер арасындағы халықаралық шебер (2021), әйелдер арасындағы гроссмейстер (2023), 2024 жылы халықаралық шебер атағына ие болды. 2019 жылғы әлем чемпионы (U14). Қазақстанның екі дүркін чемпионы (2021, 2022), Қазақстан әйелдер құрамасының сапында 2023 жылғы Әлем чемпионатының және 2024 жылғы Шахмат олимпиадасының күміс жүлдегері атанды. 2024 жылдың қыркүйегінде сенсация жасап Қарағанды облысы әкімінің 1-ші Ашық Кубогын жеңіп алды, бұл ретте ол гроссмейстер нормасын орындап, Қазақстан ерлер құрамасының мүшелері Махнёв, Жалмаханов, Оразаев, Сүлейменов пен Аңсатты ғана емес, шетелдік гросс төрттігі – Самвел Тер-Саакян (2618), Александр Рахманов (2596), Адитья Миттал (2591) мен Виталий Сивукты (2572) басып озды.
Афруза Хамдамова. 16 жаста (2009 жылғы 25 ақпанда дүниеге келген). 2023 жылы Өзбекстанның шахмат тарихында тұңғыш рет әлем чемпионы атанды (U14). Ал 2024 жылы 16 жасқа дейінгілер санатында ӘМ жеңіске жетті. Бұған дейін Будапешт қаласында өткен 45-ші Шахмат олимпиадасында 1-тақтада ойнаған ол Өзбекстан құрамасындағы құрбыларымен бірге тарихи 12-ші орынды иеленді, атап өтетіні, ол барлық 11 партияны (+4=4–3) түгел ойнаған командадағы бірде-бір шахматшы болды.