ҚР Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Жақып Асанов Парламентаралық Одақтың 150-ші Ассамблеясына қатысты. Төраға орынбасары басқа елдердің парламентшілерімен бірге «Әлеуметтік даму және әділеттілік жолындағы парламенттік қызмет» тақырыбы бойынша өткен пікірсайыста ойларын ортаға салды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Жақып Асанов Өзбекстан Олий Мәжілісі Сенаты Төрағасының Бірінші орынбасары Содик Сафоевпен де кездесті. Кездесуге қатысушылар Палаталар арасындағы Қазақстан-Өзбекстан ынтымақтастығы жөніндегі комиссия жұмысының маңызын талқылады. Сондай-ақ Сенатта алдағы уақытта бірлескен парламенттік бастамалар мен нақты сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық жобаларды қолдау туралы отырыс хаттамасына қою жөніндегі ортақ уағдаластыққа қол жетті.
Жақып Асанов өз сөзінде парламенттердің әлеуметтік әділеттілік пен орнықты дамуды қамтамасыз етудегі рөлінің маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықтың осы мақсаттарға қол жеткізуге қосқан үлесі туралы айтылды.
«Парламенттер әділ және тұрақты қоғам құруда шешуші рөл атқарады. Азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту және теңсіздіктерді жоюға бағытталған заңдарды әзірлеу және қабылдау арқылы заң шығарушы органдардың әлеуметтік саясатқа тікелей әсер ету мүмкіндігі бар. Әрине, мұнда халықаралық парламенттік өзара іс-қимыл және оның тиімділігі де маңызды рөл атқарады» Жақып Асанов
Содик Сафоев өз кезегінде екі ел ынтымақтастығының маңыздылығын жоғары бағалады және Қазақстанмен өзара қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға және дамытуға дайын екенін атап өтті.