Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті 2025 жылғы 5 сәуірден бастап «CargoRuqsat» электрондық кезек жүйесінде жаңа ережелер күшіне енетінін хабарлайды: мемлекеттік нөмірлері дұрыс көрсетілмеген автокөлік құралдарын брондау автоматты түрде, ескертусіз жойылатын болады, деп хабарлайды DKnews.kz.
Жаңа өзгерістер кейбір шетелдік тасымалдаушылардың өз автокөлік құралдарының (АКҚ) мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін (МТНБ) әдейі бұрмалап (мысалы, артық таңбалар қосу арқылы) қолдан жасауы себепті енгізілуде. Шетел мемлекеттерінің деректер базаларымен интеграция болмаған жағдайда электрондық сервис форматтық–логикалық бақылауды онлайн режімде жүзеге асыра алмайды. Бұл пайдаланушыларға алымдарды төлемей, ережелерді бұза отырып жұмыс істеуге мүмкіндік берді. Осындай жағдайлар жалған мәліметтерді құжаттарға енгізу арқылы сақтандыру полистерін ресімдеу кезінде де тіркелген.
Брондау кезіндегі МТНБ көлік құралын тіркеу туралы куәлікте (КҚТК) көрсетілген нөмірмен дәл сәйкес келуі тиіс екенін еске саламыз. Егер мәліметтер сәйкес келмесе – брондау автоматты түрде жойылады, бұл нөмірдегі қателіктер арқылы міндетті төлемдерден жалтаруға жол бермейді.
Сонымен қатар, тексерулер барысында бірдей VIN–коды бар, бірақ әртүрлі мемлекеттік нөмірлері көрсетілген АКҚ–терді брондау фактілері анықталды. Мұндай схеманы отандық тасымалдаушылар қолданған және бұл да белгіленген талаптардан жалтаруға мүмкіндік берген.
Мұндай алаяқтық әрекеттерді болдырмау мақсатында жүйеге автокөлік құралының VIN–кодын тексеру функциясы енгізілді. Егер осы VIN–код бойынша белсенді брондау болса, жаңа бронь жасау мүмкін емес. Кезекке тұру үшін алдымен алдыңғы брондауды жою қажет.
Шетелдік тасымалдаушылар брондауды рәсімдеуден бұрын енгізілетін деректерді мұқият тексеруі тиіс, себебі жүйеде шетелдік мемлекеттердің дерекқорларымен интеграция жоқ, ал ақпараттағы қателер броньның жойылуына әкелуі мүмкін. Сұрақтар туындаған жағдайда техникалық қолдау қызметіне немесе Мемлекеттік кірістер аумақтық органдарына жүгінуге болады.
Жаңа шаралар жүйенің ашықтығын арттыруға және тасымал процессіне қатысушылар үшін тең жағдайларды қамтамасыз етуге бағытталған.