Энергетика, байланыс, цифр: Қазақстанда стратегиялық инвестициялық жобалар іске асырылуда

4257
Фотосурет: primeminister.kz

Елдің экономикалық өсуін қамтамасыз ету жөніндегі жедел штабта Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен еліміздің ірі энергетикалық және телекоммуникациялық операторлары «KEGOC» АҚ, «Қазақтелеком» АҚ және «Самұрық-Энерго» АҚ-ның инвестициялық жобалары Қазақстан экономикасының жалпы қосылған құнына (ЖҚҚ) қосқан үлесі тұрғысынан қаралды, деп хабарлайды DKnews.kz.

KEGOC: ауқымды инфрақұрылымдық жобалар және отандық қамту

«KEGOC» АҚ қазіргі уақытта Қазақстан БЭЖ оңтүстік аймағының электр желісін күшейту және Батыс аймақты БЭЖ-бен біріктіру секілді екі негізгі жобаны іске асыруда. Осы жобалар шеңберінде 2025 жылы 66,7 млрд теңгені игеру жоспарлануда. Қаражат құрылыс-монтаждау жұмысына, жабдық сатып алу мен жеткізуге, жобалау-сметалық құжаттама әзірлеуге, т.б. қызмет түріне жұмсалады

KEGOC басқарма төрағасы Нәби Айтжанов атап өткендей, материал мен жабдықтың 92%-ын отандық өндірушілер жеткізеді. Ал қосалқы станцияларды салу кезіндегі жергілікті қамту үлесі 64%-ға жетеді. Демек, бұл жобалар елдің ЖҚҚ-на елеулі үлес қосып отыр деген сөз.

Қазақстанның бірыңғай электр энергетикалық жүйесін орнықты дамыту үшін «KEGOC» АҚ ұзақ мерзімді жобаларды іске асыруда. Олардың ішінде жалпы ұзындығы 8568,4 шақырым болатын 220-500кВ 95 жоғары вольтты желіні кезең-кезеңімен қайта жаңарту, Қазақстанның оңтүстігіндегі электр энергиясына қажеттілікті жабу міндетін шешуге бағытталған Қазақстан БЭЖ транзиттік әлеуеті мен өткізу қабілетін арттыру жобасы бар. Астананы электрмен жабдықтауды күшейту, Қарағандыда қосалқы станция, Астанадан Қарағандыға дейін 500 кВ ЖК салу, Қарағанды – Жезқазған - Қызылорда – Шымкент 500 кВ ЖК, ұзындығы 800 шақырым Қарабатан ҚС – Бейнеу ҚС – Маңғыстау 500 кВ ҚС желілерін салу арқылы Батыс энергия торабын күшейту.  

Соңғы кезең 2035 жылға дейін есептелген Батыс аймақты Қазақстан БЭЖ-мен біріктіру жөніндегі жоба болмақ.  Ол Қазақстанның энергетикалық жүйесін тоқайластырып, келешекте Кавказ – Орталық Азия энергетикалық дәлізін іске асыру үшін жағдай жасауға мүмкіндік береді. Жоба «Батыс-Оңтүстік» тұрақты ток желісін салуды көздейді. Барлық жоба жоспарлы іске асыру мерзімінен бұрын орындалуда.

Қазақтелеком: 5G және өңірлердегі талшықты-оптикалық құрылыс

«Қазақтелеком» АҚ төрт ірі инвестициялық жобаны іске асыруда:

  • Астанада жасанды интеллект, электрондық үкімет және цифрлық бизнес инфрақұрылымының негізгі элементі, құны 14,28 млрд теңге болатын дата-орталық салу.
  • 2028 жылға дейін 88 қала мен 128 ауылдық елді мекенді қамтитын FTTH (талшықты-оптикалық құрылыс) желісін орналастыру. Жалпы бюджет – 45,3 млрд теңге.
  • Құны 65 млрд теңге болатын 5G («Кселл» жобасы) желісін кеңейту. Жоба IoT, телемедицина және ақылды қала тұжырымдамасын енгізу үшін негіз.
  • ҚР ауылдарында 1,5 мың ауылдық мектепті, 2,1 млн мемлекеттік мекеме мен 60 мыңнан астам абонентті қамтитын 2028 жылға дейін құны 175 млрд теңгені құрайтын АЕМ ТОБЖ 2.0 құрылысы.

Самұрық-Энерго: энергетикалық инфрақұрылым салу

«Самұрық-Энерго» АҚ 32 инвестициялық жобаны іске асыруда. Оның 14-і өте ірі. Компания сондай-ақ Қонаев, Алатау қалалары мен агломерацияны дамыту үшін Алматы облысында инфрақұрылымдық объектілер салу жобаларын қарастыруда. Іске асыру басталған ірі жобалардың қатарында Алматы ЖЭО-2-ні жаңғырту, Алматы облысында ЖЭО-3-ті қайта жаңарту, Көкшетау, Семей, Өскемен қалаларында ЖЭО, Қызылорда облысында электр станциясын салу, Абай облысында ГЭС, Екібастұз ГРЭС-2-ні кеңейту және қайта жаңарту және т.б. бар.

Кеңес қорытындысы бойынша вице-премьер Ұлттық экономика министрлігіне іске асырылып жатқан бастамалардың ауқымын ескере отырып, оларды ұлғайту жөніндегі ұсыныстармен 2025 жылға арналған барлық үш компанияның жобаларынан ЖҚҚ және негізгі капиталға инвестиция бойынша есептерді дайындауды тапсырды. Сондай-ақ кез келген экономикалық сын-қатер жағдайында тұрақтылықтың негізі ретінде инфрақұрылымдық жобаларды уақтылы іске асыру қажеттігін атап өтіп, жекелеген компанияларды қарау қорытындысы бойынша штабта «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-ның ел экономикасына қосқан үлесі тұрғысынан экономикалық тиімділігі қаралатынын атап өтті.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -