БҰҰ тапсырмасын орындаған қазақстандық бітімгерлер елге оралды

1870
Фотосурет: Gov

Қазақстандық бітімгерлердің алғашқы жасағы Голан жоталарынан оралды, деп хабарлайды DKnews.kz.

Елордалық әскери авиабазада БҰҰ миссиясы аясында (UNDOF) Голан жоталарында қызмет атқарып, бір жылдан кейін елге оралған Қазақстанның тұңғыш бітімгерлік контингентін салтанатты қарсы алу рәсімі өтті.

Құрмет қарауыл ротасының сүйемелдеуімен бітімгерлік қызмет атқарған әскери қызметшілерді Қорғаныс министрлігінің басшылығы, Қарулы күштердің ардагерлері мен әріптестері қарсы алды.

Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов әр бітімгердің қолын алып, жеке құрамға алғысын білдірді. Ол сондай-ақ, Қазақстан армиясының тарихында алғаш рет Голан жоталарында "БҰҰ-ның бөлінуді бақылау жөніндегі күштері" миссиясында өзінің қару-жарағы мен техникасымен дербес ұлттық контингент орналастырылғанын атап өтті.

"Бұл миссия аласапыран аймақта халықаралық бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау жөніндегі маңызды міндет болды. Сіздердің күш-жігерлеріңіз назардан тыс қалмай, халықаралық аренада Қазақстанның беделін жауапты, әрі бейбіт мемлекет ретінде одан әрі нығайтуға негіз болды. Адал қызметтеріңіз бен жауынгерлік тапсырманы орындаудағы жауапкершіліктеріңіз, сондай-ақ, қазіргі таңда басынан қиын кезеңді өткеріп жатқан адамдарға көмек қолын созғандарыңыз үшін алғыс айтамын"  Генерал-полковник Руслан Жақсылықов

Бітімгерлік ротасының командирі подполковник Жігер Аипов Фауар базасында миссияны орындау барысында қазақстандық контингент 600-ден астам тапсырманы орындағанын атап өтті.

"Осыдан бір жыл бұрын біздің 139 адамнан тұратын алғашқы бітімгерлік контингентіміз Голан жоталарына аттанды. Жауапкершілік аймағында ротаның жеке құрамы жүктерді алып жүру бойынша патрульдік және гуманитарлық қызмет атқарды. Біз 4 эвакуация жасадық және 400-ден астам жарылмаған заттардың жойдық"  Подполковник Жігер Аипов 

Қиын-қыстау кезеңде ер адамдармен бірге БҰҰ-ның Голан жоталарындағы миссиясында 7 әйел әскери қызметші қызмет атқарды.

Алға қойылған міндеттерді ойдағыдай орындағаны үшін қазақстандық бітімгерілік контингенттің жеке құрамы БҰҰ Миссиясы мен Хатшылығы басшылығының  жоғары бағасына ие болды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -