Freedom Ticketon компаниясы Дженнифер Лопестің концертіне билеттерді бөгде сайттардан сатып алудың қаупі туралы ескертеді, деп хабарлайды DKnews.kz.
Қазіргі таңда Астанада өтетін Дженнифер Лопестің концерті көрермендер тарапынан орасан зор қызығушылық тудырып отыр — Freedom Ticketon-ның ресми сайтында бастапқы квота бойынша ұсынылған барлық билеттер бірден сатылып кетті.
Қазір Freedom Ticketon командасы күмәнді және фейк аккаунттар арқылы билеттердің жаппай сатып алынуын тексеріп жатыр. Өкінішке қарай, OLX секілді платформаларда билеттер бірнеше есе қымбат бағада қайта сатылып жатқаны анықталды.
Маңыздысы — қазіргі кезеңде көрермендер қолына нақты билет емес, ваучер алады. Ваучерлердің тексеру процесі әлі жалғасуда, ал нақты билеттер концертке бірнеше күн қалғанда ғана беріледі. Сондықтан үшінші тұлғалардан ваучер сатып алу — өте қауіпті. Бұл концертке мүлде кіре алмай қалу қаупін тудырады.
Компания барлық жанкүйерлерді тек Ticketon-ның ресми сайтынан ғана билет алуға шақырады. Бұл — алаяқтыққа тап болмаудың және жарамсыз билеттерге алданбаудың жалғыз жолы.
Техникалық жұмыстар аяқталған соң, Freedom Ticketon командасы билеттердің қосымша санын сатылымға шығару үшін бар күшін салады. Жаңалықтардан хабардар болу үшін ticketon.kz сайты мен Astana Concert-тің ресми парақшаларын қадағалап отырыңыз.