«Қазбат – 2025»: әскери-патриоттық клуб мүшелерінің жарысы батырлар рухына арналды

1639
Фотосурет: ҚР Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы

Алматы облысы, Жетіген ықшам ауданында орналасқан 5571 әскери бөлімнің 4 жедел мақсаттағы батальоны аумағында ерекше мазмұндағы әскери-спорттық жарыс – «Қазбат – 2025» өтті. Бұл жарыс Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлерінің 1995 жылғы 7 сәуірде тәжік-ауған шекарасында жасаған ерлігінің 30 жылдығына арналды, деп хабарлайды DKnews.kz.

Шараға Алматы қаласы Алмалы аудандық әскери-патриоттық клубтарының 10-11 сынып оқушылары қатысты. Атап айтқанда, № 46 мектеп-гимназиядан, жалпы білім беретін № 102 мектептен екі команда, № 95 мектеп-лицейден, №48 мектеп-лицейден, жалпы білім беретін 106, 148 мектептерден және ҚР ҚМ Орталық Армия үйінің «Киров» әскери-патриоттық клубынан құрама командалар қатысты.  Жарысқа қатысушылар бабалар жолымен жүруге, әскери машықтарын шыңдауға және патриоттық рухтарын бекемдеуге мүмкіндік алды.

Жарыстың мақсаты – жастардың отансүйгіштік қасиеттерін арттыру, ерлік пен батырлықтың үлгісін таныту, сонымен қатар олардың әскери дағдыларын дамыту болды.

Іс-шара бірнеше кезең бойынша ұйымдастырылды:

I кезеңде қатысушылар әскери бөлім аумағына жиналып, қауіпсіздік нұсқаулығымен танысты. Жарыстың өткізілу тәртібі түсіндіріліп, жеребе тарту рәсімі өткізілді.

II кезең – негізгі жарыс бөлімі:

100 метрге жүгіру – жылдамдық пен ептілікті тексеретін алғашқы сынақ;

25 метр еңбектеп өту – жауынгерлік жағдайда қозғалу икемділігін сынау;

Жараланған адамды 25 метрге сүйреп апару – командадағы ынтымақтастық пен жауапкершілікті ұштастырды;

Газтұмылдырықпен 50 метрге жүгіру – төтенше жағдайда әрекет ету машығын көрсетті;

Калашников автоматын толық емес бөлшектеу және жинақтау, оқжатарды оқпен толтыру – қарумен жұмыс істеу дағдыларын нақтылады.

Барлық кезеңдерде қатысушылар шынайы әскери ортада өз шеберліктерін көрсетті.

III кезеңде жеңімпаздар анықталып, салтанатты түрде марапатталды. Жарыс қорытындысы бойынша І орынды жалпы білім беретін № 106 мектептің құрама командасы, ІІ орынды № 46 мектеп-гимназияның «Жас барыс» әскери-патриоттық клубы, ІІІ орынды № 95 мектеп-лицейдің «Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубы иеленді. Жеңімпаз құрама командаларға Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Талапкер Амриевтің атынан кубок және дипломдар, бағалы сыйлықтар, жетекшілеріне алғыс хаттар табысталды,

Бұл жарыс – тек жарыс қана емес, тарихқа тағзым, бүгінгі ұрпақтың кешегі ерлікке деген құрметі. Жас буын үшін бұл – Отан алдындағы борышты сезіну мен болашақ сарбаз болуға алғашқы қадам деуге болады.

Сондай-ақ ұйымдастырушылар мен әскери бөлім қызметшілері тарапынан барлық қажетті жағдай жасалып, қауіпсіздік шаралары толық қамтамасыз етілгенін айта кету керек.

Іс-шара соңында мектеп оқушылары арнайы ұйымдастырылған қару-жарақ көрмесін тамашалады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -