Қазақстанда бизнесті жеңілдікпен несиелейтін жаңа бағдарлама пайда болады

1551
Фотосурет: Gov

«Даму» Қоры мемлекет басшысының экономиканың нақты секторын қолдау және Үкіметтің экономикалық өсу қарқынын жеделдету жөніндегі шараларын іске асыру жөніндегі тапсырмасын орындау аясында, сондай-ақ «Бәйтерек» холдингінің кешенді бағдарламасына сәйкес, пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау жүйесінен жеңілдікпен несиелеу механизміне көшеді, деп хабарлайды DKnews.kz.

Қордың бұл жаңа өнімі бойынша кәсіпкерлер жылына 12,6%-бен несие алады.

Бағдарлама экономиканың:

  • өнеркәсіп;
  • көлік және логистика;
  • туризм;
  • білім;
  • медицина секілді басым секторларына жеңілдікпен несие беру арқылы кәсіпкерлікке серпін беру көзделген.

Бағдарлама 40/60 әдісімен екінші деңгейдегі банктермен қоса қаржыландырылады. Ондағы несие сомасы Қор қаражатының 40%-ы және серіктес банктің 60%-ынан құралады.

Несиені ШОБ субъектілері инвестиция, айналым қаражатын толықтыру және қолда бар қарызын қайта қаржыландыру мақсатында ала алады. Бір қарыз алушы/қарыз алушылар тобына ең жоғары лимит – 7 млрд теңге, оның ішінде айналым қаражатын толықтыруға – 3,5 млрд теңгеге дейін.

Инвестиция үшін несие алу мерзімі 7 жылға дейін, айналым қаражатын толықтыруға – 3 жылдан аспайды, 2025 жылғы 1 қаңтардан бергі несиелерді қайта қаржыландыру – қаржыландырылатын берешек мерзімі ішінде болады.

Бағдарлама тиісті рәсімдер аяқталып, қорға қаражат түскен соң іске қосылады. Өтінім қабылдау басталғаны туралы қосымша хабарлаймыз.

Бір айта кетерлігі, бағдарлама бойынша жеңіл несие алған кәсіпкерлер бұған қоса мемлекеттен кепілдік те ала алады. Жаңа құрылған «Кепілдік қоры» аясында кәсіпкерлер 7 млрд теңгеге дейінгі несие сомасының 85%-ына дейін кепілдік ала алады. Бірақ бұл сома 3,5 млрд теңгеден аспайды, кепілдік үшін жыл сайынғы комиссия 1,5% мөлшерінде.

Дегенмен, 200 млн теңгеге дейін несие алатын микро және шағын бизнес үшін пайыздық мөлшерлемені субсидиялау бағдарламасы сақталып қалады. Бұл – экономиканың басымдық берілген салаларында жұмыс істейтін шағын кәсіпорындарға көмек болмақ. Субсидиялаудың жаңа шарттары Үкімет тиісті ережелерді бекіткеннен кейін белгілі болады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -