Семей мен Алматыда бітімгерлерді салтанатты жағдайда қарсы алды

3861
Фотосурет: Gov

Семей қаласының «Абай» әуе айлағы мен Алматы халықаралық әуежайында БҰҰ бітімгерлік миссиясы құрамында Голан жоталарында қызмет атқарған әскери қызметшілерді салтанатты қарсы алу рәсімі өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.

Семейде бітімгерлерді «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы полковник Жеңіс Маралов пен Абай гарнизонындағы әскери бөлімдердің командирлері қарсы алды.

Мемлекет басшысы әскери борышын үлгілі атқарғаны, көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін бір топ әскери қызметшіні мемлекеттік наградалармен марапаттады.

Әуежайға жақындарын күтіп алуға келген отбасы мүшелерінің көңілінде толқу бар. Солардың бірі 3 сыныпты сержант Қанат Ибраевтың зайыбы Жансая Хамзаева.

 – Қазіргі көңіл-күйімізді сөзбен айтып жеткізу қиын. Жүрегіміз дүрсілдеп тұр. Бітімгерлер Астанаға жетті деген хабарды естігелі бері қуанышымызда шек жоқ. Жұбайларымыздың халықаралық бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау жөніндегі маңызды міндеттерді атқарып келгенін біз де мақтаныш тұтамыз. Барша әскери қызметшілердің отбасыларына амандық тілеймін, – деп ағынан жарылды ол.

Алматыда бітімгердерді ҚР Қорғаныс министрлігі Бітімгерлік операциялар орталығының командирі подполковник Уәлихан Байкенов қарсы алды.

Ол әскери қызметшілерді миссияның сәтті аяқталуымен және туған елге аман-есен оралуымен құттықтап, БҰҰ мандаты шеңберінде тапсырмаларды орындау кезінде көрсеткен жоғары кәсібилігі мен батылдығын атап өтті.

Бітімгерлік миссиясы құрамында қызмет ету – бұл үлкен тәжірибе, әрі жауапкершілік. Алға қойылған міндеттерді ойдағыдай орындағаны үшін қазақстандық бітімгерлік контингенттің жеке құрамы БҰҰ Миссиясы мен Хатшылығы басшылығының жоғары бағасына ие болғанын атап өту керек.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -