ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының қолдауым мен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының ұйымдастыруымен «Жасанды интеллект дәуірі: Баспа ісі, медиа және дизайн» атты І Халықаралық көктемгі мектеп өз жұмысын бастады, деп хабарлайды DKnews.kz.
Аталған іс-шара Ұлттық кітап күніне орай ұйымдастырылды. Көктемгі мектепке БАҚ өкілдері, баспа саласының мамандары, жоғары оқу орындарының оқытушылары, сондай-ақ Бангладеш, Әзербайжан, Тәжікстан, Қытай, Моңғолия және Ресей елдерінен келген студенттер, магистранттар мен докторанттар қатысуда.
Көктемгі мектеп барысында медиа мәтінді редакциялау технологиялары, медиадизайндағы жаңашылдық, кітап индустриясындағы жасанды интеллектің рөлі, фактчекинг және ақпаратты верификациялау, медиаэтика мен медиасауаттылық, сондай-ақ digital журналистиканың өзекті мәселелері талқылануда.
Бағдарлама аясында халықаралық ұйым өкілдерінің, танымал баспа мамандары мен журналистердің шеберлік сыныптары өткізіледі.
Курс соңында қатысушыларға 72 сағаттық арнайы сертификат табысталады.
Айта кетейік, «Ұлттық кітап күні» мерекесіне орай бекітілген апталық аясында 17 сәуір «Сөз өнеріндегі өлкетану» күні етіп белгіленді. Еліміздің барлық өңірінде жергілікті авторлармен кездесулер, автограф сессиялары, өлкетану бағытындағы кітаптардың таныстырылымы ұйымдастырылып, пікір алмасу, талқылау алаңдары өткізілді.
Соның ішінде Жезқазған қаласында ақын Айнұр Қожахметтің «Мерей» кітабының тұсаукесері, Ақтөбе облысында ақын Оразақын Асқаровтың 90 жылдығына орай «Кітап – бала жанының бағдаршысы» атты поэзия кеші және Түркістан қаласында «Тарихыңды таны – тұлғаңды құрметте» тақырыбында жергілікті қаламгерлермен кездесулер өтті.