Қарасай батыр атындағы Құрлық әскерлерінің оқу-жаттығу орталығында 725 мерзімді әскери қызметшінің салтанатты түрде оқуды аяқтау рәсімі өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Алты ай ішінде сарбаздар қарқынды теориялық және практикалық дайындықтан өтті. Дене шынықтыруға, атыс жаттығуларына, қару-жарақ пен әскери техникаға техникалық қызмет көрсетуге ерекше назар аударылды. Әскери қызметшілер зеңбірекші-оператор, жауынгерлік, жүк машиналарының механик-жүргізушісі және аспаз мамандықтарына машықтанды.
«Жарты жылда жаяу әскердің БМП-2 жауынгерлік машинасының механик-жүргізушісі мамандығын үйрендім. Қажетті білім алып, техниканы әртүрлі жағдайда басқаруды меңгердім. Оқу кезеңінде берген білімі мен көрсеткен қамқорлығы үшін командирлерге алғыс айтамын. Мен олардың үміттерін ақтауға тырысамын», – деді қатардағы жауынгер Алексей Шияпов.
Дайындық курсын аяқтаған әскери қызметшілер одан әрі қызмет ету үшін Құрлық әскерлерінің құрамалары мен бөлімдеріне бөлінетін болады. Дайындықтан өткен сарбаздар меңгерген мамандығы, әскери бөлімдердің ағымдағы міндеттері мен қажеттіліктеріне қарай іріктелмек.