Семейде бітімгерлерді қарсы алды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Семейдің әуежайында БҰҰ миссиясы аясында Голан жоталарында қызмет атқарып, бір жылдан кейін елге оралған тұңғыш бітімгерлік контингентін салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Әскери қызметкерлерді әуежайдан «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы полковник Жеңіс Маралов бастаған қарулы күш құрамы мен бітімгерлердің отбасы мүшелері салтанатты түрде қарсы алды.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы полковник Жеңіс Маралов міндеттерін мінсіз орындап келген бітімгерлердің қолын алып, өз алғысын білдірді.
Айта кетейік, Қазақстанның алғашқы ұлттық бітімгерлік контингенті өткен 2024 жылдың наурыз айында БҰҰ миссиясы аясында Голан жоталарына жіберілген болатын. Онда әскери қызметшілер мобильді патрульдеу, бақылау бекеттерін күшейту, эвакуация және минасыздандыру жұмыстарын атқарған болатын.
Бүгін міне сол бітімгерлік құрам сапында табысты қызмет атқарып, халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға зор үлес қосқан офицерлер мен сарбаздар аман-есен елге оралып отыр.
Әскери борышын үлгілі атқарғаны, Біріккен Ұлттар Ұйымының Голан жоталарындағы бітімгершілік миссиясын жүзеге асыру барысында көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін ел Президенті бірқатар әскери қызметшілерді марапаттады. Солардың бірі 44736 әскери бөлімі барлау-шабуылдау (арнайы мақсаттағы) ротасының командирі майор Есен Сабыржанов.
Әскери қызметкер жүктелген жауапты міндетті жоғары деңгейде атқарғаны үшін Бауыржан Момышұлы атындағы II дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.
"Алғашқы бітімгерлік контингентіміз Голан жоталарына 600-ден астам әскери тапсырмаларды орындады. Бір жылдан астам уақытта әскери қызметкерлер өздерін өте жоғары деңгейде көрсетті. Әскери қызметкерлер біліктіліктерінің арқасында қойылған тапсырмаларды абыроймен орындап шықты" Майор Есен Сабыржанов