Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 2024 жылы 11 банкке қадағалап стресс-тестілеуді (ҚСТ) өткізді, деп хабарлайды DKnews.kz.
Олардың үлесіне барлық активтердің 85%-ы және елдің банк секторының жиынтық кредиттік портфелінің 86%-ы тиесілі.
2024 жылғы ҚСТ өткізу үшін Ұлттық Банкпен бірлесіп базалық және стрестік сценарийлер әзірленді. Стрестік сценарий әлемдік экономикалық күйзелістер мен негізгі салалардағы құлдырау жағдайында экономикадағы жағымсыз өзгерістерді болжады.
ҚСТ қорытындысы бойынша 11 банктің жиынтық негізгі капиталының жеткіліктілік деңгейі 15,0%-ды құрады, бұл ең төменгі белгіленген 5,5%-дан (буферлерді есепке алмағанда) едәуір асып түседі және банктердің жоғары капиталдандырылуын және экономикалық күйзелістерге орнықтылығын көрсетеді.
Мамыр – тамыз айлары аралығында дайындық іс-шаралары өткізілді, соның ішінде деректер жинау, модельдерді калибрлеу, сценарийлерді әзірлеу және әдіснаманы бейімдеу. ҚСТ-ның негізгі кезеңі өткен жылғы қыркүйек – желтоқсан айлары аралығында ағымдағы жылғы 1-тоқсанда нәтижелерін бекітумен өтті.
2024 жылғы ҚСТ бойынша есеппен Агенттіктің сайтында танысуға болады.