Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі су айдындарының жанында жылы маусым мен белсенді демалыс қарсаңында азаматтарға судағы қауіпсіздік шараларын сақтау қажеттігін еске салады, деп хабарлайды DKnews.kz.
Көктемгі-жазғы кезеңнің басталуымен су қоймаларында демалушылар саны едәуір артады. Осыған байланысты ТЖМ құтқарушылары мен әскери қызметшілері еліміздің барлық өңірлерінде тұрақты түрде оқыс оқиғалардың алдын алуға және халықтың қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған рейдтік іс-шараларды жүргізуде.
Патрульдеу арнайы техниканы, аэроқайықтарды, квадроциклдерді және су көлігін пайдалана отырып жүзеге асырылады, бұл жағалау аймақтарын тиімді бақылауға, бұзушылықтарды анықтауға және ықтимал қауіптерге уақтылы жауап беруге мүмкіндік береді. Жаппай демалу орындарына, сондай-ақ шомылуға тыйым салынған жерлерге ерекше назар аударылады.
Мәселен, Астана, Алматы қалалары, Атырау, Ақтөбе және Түркістан облыстары ТЖД қызметкерлері Есіл, Жайық, Сырдария өзендері мен су айдындарында патрульдеу және рейдтік іс-шаралар өткізді.
Рейдтер кезінде демалушылар мен балықшыларға су жағасындағы негізгі жүріс-тұрыс ережелері түсіндіріледі, ақпараттық әңгімелер жүргізіледі.
ТЖМ барлық азаматтарды суда демалу кезінде мұқият және жауапты болуға шақырады. Өз өміріңізге және жақындарыңыздың өмірлеріне сақ болыңыз!