Қарағандыда Тәттімбет атындағы IX байқау аяқталды: қатаң талаптар мен жарқын жеңістер

2090
Фотосурет: Gov

С. Сейфуллин атындағы Қарағанды қазақ драма театрының сахнасында үш күн бойы еліміздің үздік қобызшылары мен домбырашылары Тәттімбет атындағы IX республикалық байқауда өзара бақ сынасты. Биыл оған Астана, Алматы, Қарағанды, Қызылорда, Шымкент, Қостанай, Көкшетау, Маңғыстау мен Жетісу облыстарынан және басқа да өңірлерден 69 музыкант қатысты, деп хабарлайды DKnews.kz.

– Биыл қатысушыларға ерекше қиын болды. Біріншіден, біз ұйымдастырушылар ретінде талаптарды күшейттік: домбырашылар бірден 10 композицияны үйренулері керек еді. Байқауда олар жеребе тартып, біреуін қазылар алқасының алдында ойнады. Екіншіден, біз биыл екінші және үшінші орындар бөлінбеуін талап еттік. Яғни, егер өткен жылдары бір аталым бойынша екінші орынды екі-үш адам иеленсе, қазір әр аталым бойынша тек бір екінші және бір үшінші орын берілді. Осының бәрі жеңіске жету жолын күрделендіріп, сонымен бірге оның мвңызын күшейте түсті, – деп санайды Қали Байжанов атындағы концерт бірлестігі жетекшісінің шығармашылық бөлім бойынша орынбасары Сержан Мұсайын.

Қатысушылар үш номинация бойынша өнер көрсетті: «қыл-қобыз», «прима-қобыз» және «домбыра».

Байқау қорытындысы бойынша «қыл-қобыз» санатында Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясынан Ерасыл Төреханов бірінші орынды иеленді. Бұл номинацияда екінші орынды К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінен Абылай Есетов, үшінші орынды А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық мектептен Темірлан Әлиев иеленді.

Қобыз-прима санатында бірінші орын Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясынан Әсия Нұртайға, екінші орын К. Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінен Нұрайым Әбдиге, үшінші орын К. Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінен Самиғолла Бекзадаға бұйырды.

– Тәттімбеттің өзі домбырашы болғандықтан, біздің байқаудағы негізгі санат домбыра болып табылады. Сондықтан да біз Гран-приді тек осы номинацияда ғана таңдаймыз. Биыл Гран-при иегеріне қолдан жасалған домбыра табысталды. Оны халық аспабының шебері Нарбек Оханов дайындады. Мұндай домбыра – құнды құрал, оған ие болу – ерекше бедел, – деп түсіндірді Сержан Мұсайын.

Байқау қорытындысы бойынша қолдан жасалған домбыраға алматылық Ержанат Жарқыннұр ие болды. Ол Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының музыканты.

Домбырашылар арасында бірінші орынды А. Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық музыка мектебінен Саят Нұрәлі иеленді.

Екінші орында К. Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінен Аян Сатаев.

Үздік үштікті Шет аудандық Мәдениет үйінің әртісі Жүсіп Дәулетбек тұйықтады.

Байқау соңында барлық лауреаттар дәстүр бойынша С. Сейфуллин атындағы театр сахнасында күй орындады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -