Маңғыстау облысында «Айбын» халықаралық жастар жиынына қатысатындар анықталды, деп хабарлайды DKnews.kz.
«Батыс» өңірлік қолбасшылығының теңіз жаяу әскерлері бригадасында «Айбын-2025» облыстық әскери-патриоттық жастар жиыны өтті.
Ауқымды іс-шараны облыстық білім басқармасының оқу-әдістемелік білім беру орталығымен бірге 25744 әскери бөлімінің басшылығы ұйымдастырды.
Жарысқа жеті команда құрамында 100-ден аса оқушы қатысты. Ақтау қаласының намысын қорғауға «Жас сарбаз», Жаңаөзеннен – «Қайсар», Маңғыстау ауданынан – «Жас қыран», Мұнайлыдан – «Жас жауынгер», Қарақиядан – «Жігер», Түпқарағаннан – «Сұңқар», Бейнеуден – «Жас арландар» командалары шықты.
Жиын бағдарламасына бірқатар әскери-қолданбалы сынақтар: пневматикалық мылтықтан ату, күштік жаттығулар, газтұмылдырықты белгіленген уақытта кию, АК-74 автоматын бөлшектеп-жинау, арқан тартыс, әскерилендірілген эстафета және кросс кірді.
Облыстық жарыстың қорытындысы бойынша бірінші орынды Ақтау қаласының «Жас сарбаз» командасы, екінші орынды Мұнайлы ауданының «Жас жауынгер» командасы, үшінші орынды Түпқараған ауданының «Сұңқар» командасы еншіледі.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен, медальдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Бірінші және екінші орын алған командалар 2025 жылдың маусым айында Ақтөбе облысында өтетін «Айбын» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынына жолдама алды.