Алматы халықаралық әуежайының аумағында 21 сәуір күні сағат 09:00-ден 17:00-ге дейін жоспарлы антитеррорлық оқу-жаттығу өткізіледі. Шара әуежай ғимараты орналасқан Майлин көшесі, 2 мекенжайында өтпек, деп хабарлайды DKnews.kz.
Бұл оқу-жаттығу — адамдар көп шоғырланатын орындарда болуы мүмкін террорлық әрекеттердің алдын алу және оларға дереу әрекет ету механизмдерін жетілдіруге бағытталған кешенді шара. Жаттығуға түрлі мемлекеттік органдардың қызметкерлері қатысады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, оқу-жаттығу кезінде әуе рейстері мен автокөлік қозғалысына шектеу қойылмайды. Дегенмен, тұрғындар мен жолаушылардан қауіпсіздік талаптарын сақтап, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің заңды талаптарын орындау сұралады.
Сонымен қатар, азаматтардан тек ресми ақпарат көздеріне сүйеніп, жалған немесе расталмаған мәліметтер таратпауға шақырылады. Бұл қоғамда негізсіз үрей мен алаңдаушылықтың алдын алу үшін маңызды.
Айта кетейік, ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 443-бабына сәйкес, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етумен айналысатын тұлғалардың заңды талабына бағынбаған азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылады.