Қазақстан Қарулы күштері Әуе қорғанысы күштерінің бас басқару пунктінің бастығы полковник Сапарғали Төлегенов жетекшілік еткен әскери делегация Бакуде Әзербайжанның қорғаныс ведомствосына барды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Қабылдаушы тараптың Әскери-әуе күштерінің штабында шұғыл ұшуларды орындау кезінде бірлескен іс-әрекетті қамтамасыз ету және үйлестіру мәселелері бойынша келіссөздер өтті.
Ұшулар қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты түрлі аспектілерді ескере отырып, іс-шараға Әзербайжан Сыртқы істер министрлігінің, Азаматтық авиация жөніндегі мемлекеттік агенттіктің, Сыртқы барлау қызметінің, «Азераэронавигация» әуе қозғалысын басқару басқармасының және «Әзербайжан әуе жолдары» АҚ өкілдері қатысты.
Іс-шара аясында іздестіру-құтқару, апаттық-құтқару жұмыстары және басқа да шараларды орындау кезінде шұғыл ұшуларды ұйымдастыру мен жүзеге асыруға байланысты бірқатар өзекті мәселелерге қатысты жан-жақты пікір алмасу болды.