Қорғаныс ведомствосында Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы күштер Бас штабының бастығы генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдиновтың басшылығымен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне әскерге шақыру мәселелеріне арналған кеңес өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Оған Қорғаныс министрлігінің, ҰҚК Шекара қызметінің, Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің және Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері қатысты.
ҰҚК Шекара қызметіне көктемгі шақыру нәтижелері туралы Бас штабтың ұйымдастыру-жұмылдыру жұмысы департаменті бастығының міндетін уақытша атқарушы полковник Нұрмахан Дүйсебаев пен ҰҚК Шекара қызметі директорының орынбасары полковник Серік Рахимов баяндады.
Кеңесте Солтүстік Қазақстан облысы әкімі аппаратының басшысы Руслан Әлішев пен Қостанай облысы әкімдігі жұмылдыру дайындығы және аумақтық қорғаныс басқармасының бастығы Диас Қабдышев тыңдалды.
– Азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру мәселелері Үкіметтің бақылауында. Сондықтан әскерге шақыру қорытындыларын мұқият талдап, әскерге шақырылған жастармен жұмыс сапасына назар аудару қажет, – деп атап өтті Қарулы күштер Бас штабының бастығы генерал-лейтенант С. Қамалетдинов.
Кеңес қорытындысы бойынша облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктеріне шақыру пунктерін қажетті мүлікпен, медициналық құралдармен және жабдықтармен қамтамасыз ету туралы тапсырма берілді. Кейбір аудандық шақыру пунктері үшін медициналық ақпараттық жүйелерге қосу және медициналық комиссияларды маман дәрігерлермен жасақтау мәселесі өзекті болып қала береді.
Қорғаныс істері жөніндегі департаменттер бастықтарының назары әскери бөлімдер мен мекемелерді жасақтау үшін есепке алу-шақыру жұмыстарын жүргізу және әскерге шақырылушылардың командаларын уақтылы қалыптастыру мәселелерінде заңнаманы қатаң сақтау қажеттігіне аударылды.