Ер-жігіттерді тәрбиелеу орталығы: Сабыр Рақымов атындағы әскери колледжбен танысу

1496
Фотосурет: Шымкент гарнизонының баспасөз қызметі

Шымкент қаласы білім басқармасының «Өмірлік қиын жағдайда жүрген балаларды қолдау орталығының» тәрбиеленушілері Кеңес Одағының Батыры генерал-майор Сабыр Рақымов атындағы әскери колледжде қонақта болды, деп хабарлайды DKnews.kz.

Сапардың мақсаты оқу процесінің ерекшеліктерімен, ұландардың тұрмыс жағдайымен және әскери оқу орындарында білім алу перспективаларымен танысу болды.

Қонақтарды әскери колледж бастығы, полковник Мақсат Ахшалов жеке қарсы алды. Ол оқушыларды жылы лебізбен күтіп алып, кіріспе сөз сөйлеп, әскери колледж бен әскери оқу орнының негізгі айырмашылықтары туралы айтып, болашақ әскери қызметкерлердің кәсіби даму жолдарын белгіледі.

– Біздің оқу орнына қабылдау 15 жастан басталады. Біз физикалық тұрғыдан мықты, тәртіпті, ынталы, теориялық білімі мен практикалық дағдыларын меңгерген жігіттерді тәрбиелеуге тырысамыз, - деп атап өтті полковник Мақсат Ахшалов.

Сондай-ақ, ол бірінші курс ұландары жалпы білім беретін пәндерді 10-11 сынып бағдарламасы бойынша оқитынын баса айтты. Екінші курстан бастап тереңдетілген әскери дайындық басталады: саптық дайындық, әскери жарғылар мен әскери топографияны зерттеу. Үшінші курста курсанттар таңдаған әскери мамандығын игеріп, далалық дайындықтан және әскери бөлімдерде тағылымдамадан өтеді. Оқуды аяқтаған соң бітірушілер техникалық және кәсіптік білімі туралы диплом, жүргізуші дайындығы туралы куәлік, «кіші сержант» атағы бар әскери билет алады. Үздік студенттер қызмет орнын таңдау сияқты артықшылықтарға ие болады және жоғары әскери оқу орнының екінші курсына емтиханынсыз түсуге мүмкіндік алады.

Колледж басшылығымен кездескен студенттер оқу роталары командирлерінің сүйемелдеуімен оқу сыныптарын, казарма, асхана және басқа да инфрақұрылымдық нысандарды аралап көрді.

– Колледжге келгеннен кейін балалардың осы оқу орнына түсуге деген құлшынысы күшейе түсті. Ооқушыларымыздың арасында өмірін әскермен байланыстыруды көптен армандағандар да бар. Олардың көпшілігі болашақта лайықты Отан қорғаушыларына айналатынына сенімдімін, - деді Өмірлік қиын жағдайда жүрген балаларды қолдау орталығы директорының орынбасары Сәрсенбек Алтенбаев.

Кездесу соңында орталық басшылығы мен оқушылары әскери колледж ұжымына қызықты және мазмұнды ұйымдастырылған бағдарламасы үшін алғыстарын білдіріп, мұндай іс-шаралар жастардың бойында патриоттық сезімді, жауапкершілік пен Отан қорғаушы мамандығына құрметпен қарауға ықпал ететінін баса айтты.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -