Оқитын ұрпақ – жарқын болашақтың кепілі

2376
Фотосурет: ҚХР Бас консулдығы

Биыл, 23 сәуірде Қазақстанда алғаш рет Ұлттық кітап күні атап өтілуде. Бұл күн Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында ресми түрде бекітілді. Осы мереке аясында Алматы қаласындағы ҚР Ұлттық кітапханасында кең ауқымды «Ұлттық кітап күні – Ұлттық кітапханада» атты кітап мерекесі өтті.

Айта кетейік, бұл күн 1995 жылдан бері көптеген елдерде БҰҰ жариялаған Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күні ретінде де аталып өтеді. Бұл мерекенің басты мақсаты – жоғары оқырмандық мәдениетті қалыптастыру, кітапқа деген қызығушылықты арттыру, оқырмандар белсенділігін көтеру, сондай-ақ кітап пен авторларға деген құрмет көрсету.

Алматы қаласындағы барлық кітапханалардың қатысуымен Ұлттық кітапхана алдындағы ашық алаңда «Оқы, қала!» атты бір мезгілде өткен акция мен флешмоб ұйымдастырылды. Кітапхана ішінде түрлі іс-шаралар өтіп, Ұлттық кітапхананың ең егде және ең жас оқырмандарына алғыс хаттар табысталды. Сонымен қатар «Ұлттық кітап жолы: баспадан оқырманға дейін» атты интерактивті шара, Қазақстанның жетекші баспалары мен кітап сауда ұйымдарының кітап жәрмеңкесі және қазіргі қазақ авторларының қолтаңба сессиясы өтті.

Ұлттық кітап күні мен Қытай мәдениеті мен әдебиеті залының қызметі аясында ҚР Ұлттық кітапханасының Үлкен залында Гонконг Ашық университетінің филология ғылымдарының құрметті докторы, Нобель сыйлығының лауреаты, қытайлық жазушы Мо Яньмен «Әлемдік әдебиет – ұлттық руханияттың негізі» тақырыбында онлайн-кездесу ұйымдастырылды. Бұл шараға Қазақстанның жетекші китаистері, қазақ-қытай тіл колледжінің студенттері, кітапхана оқырмандары, жоғары және арнаулы оқу орындарының студенттері қатысты.

Кездесу аясында жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған виртуалды көрме де ұсынылды.

Оқырмандардың назарын алғаш аудартқан Мо Яньнің (шын есімі – Гуань Моё) алғашқы шығармасы – «Сырты қызыл, іші мөлдір шалқан» атты повесі болды. Жазушы шығармашылығының басты тақырыбы – ауыл өмірі. Оның туған жері – Гаоми – қытай мәдениетінің ежелден келе жатқан рухани орталығы. Бұл өлке ежелден түрлі ғажайыптар мен даналыққа толы романтикалық аңыздарға бай. 1986 жылы жарық көрген «Қызыл гаолян» повесі Қытайдың ұлттық «Жылдың үздік повесі» сыйлығына ие болып, бүкіл әлемге танылды. Бұл повестің желісімен 1987 жылы танымал режиссер Чжан Имоу түсірген фильм де үлкен жетістікке жетті. 2012 жылы Мо Янь әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығын «елес пен шындықты ұштастырып, халық ертегілерін, тарих пен қазіргі заманды бір арнаға тоғыстырғаны үшін» алды. Оның шығармалары ағылшын, француз, неміс және норвег секілді оннан астам тілге аударылған.

Онлайн-кездесу барысында жазушының өмірі мен шығармашылығы туралы мәселелер талқыланып, оқырмандар мен қонақтар жазушыға тікелей сұрақтар қойып, жауап алды. Шара барысында Гаоми қаласындағы Мо Яньнің әдеби-шығармашылық мұражайы дайындаған слайд-шоу көрсетілді, сондай-ақ «Қызыл гаолян» фильміне қысқаша презентация жасалды. Жазушының айтуынша, оқиға ойлап табу оңай шаруа емес, ең бастысы – сол оқиғаны көркем әрі әсерлі етіп жеткізе білу. Сонда ғана нағыз керемет нәтиже шығады. 2012 жылғы әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығының иегері Мо Янь жас қатысушыларға былай деді:

Көптеген жазушылар үшін Нобель сыйлығы – «өлімнің сүйісіне» айналады, себебі олар бұл марапаттан кейін жақсы шығарма жазуды тоқтатып жатады. Мен ондай күйге түспеуге тырыстым. Кейбір жазушылар марапат алған соң, ұсақ-түйек тіршілікке беріліп, өмір ағынымен мәнсіз жүзе бастайды. Жақсы жазушы шығармашылыққа уақыт бөлуі керек. Менде әлі талай шығармашылық жоспар бар. Бар жақсылықты бағалаңыздар, жастықтың байлығын бекерге шашпаңыздар. Жастық шақта жинаған еңбек дағдысы өмір бойына сақталады, ал еңбек әрқашан қуаныш әкеледі. Әр адам отанын сүюі тиіс, үлкен жақсылыққа ұмтылу – ең алдымен жақындарыңа, туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Жаңа заман талаптарына сай кітап оқу мен кітап мәдениетін сақтау – бұл болашақ ұрпақтың зияткерлік дамуына, жан-жақты әрі бәсекеге қабілетті азамат болып өсуіне қамқорлық білдіру деген сөз. Бүгінде бүкіл әлемде жастарды оқуға, жазба мәдениетке тарту мәселесі өзекті болып отыр, және бұл тұрғыда біздің елдерімізде кітап пен оқуға қолдау көрсету маңызды орын алады.

Жазушының қаламынан 11 роман, 20 повесть және 80-нен астам әңгіме туған. Оның ең танымал шығармасы – «Қызыл гаолян». Бұл туындының желісімен Қытайдың атақты режиссері Чжан Имоу түсірген фильм де «культті» деп танылған.

Шарада сөз сөйлеген Қытайдың Алматыдағы Бас консулы Цзян Вэй ханым былай деді:

Әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығының иегері Мо Яньмен бүгінгі кездесу – Қытай мен Қазақстан арасындағы жастарды қолдау, мәдени құндылықтарды насихаттау және білім қорын толықтыру бағытындағы тиімді ынтымақтастықты тағы бір мәрте айқындап отыр. Біздің елдер арасындағы гуманитарлық әріптестік пен жан-жақты стратегиялық серіктестік жаңа деңгейге көтерілуде. Біз мәдени салада да ынтымақтастығымыздың жаңа белестерге жетуін, оның ауқымының кеңейгенін қалаймыз. Әдебиет – халықтарымызды жақындатуда әрқашан белсенді рөл атқарып келеді, ол ешқашан шетте қалған емес.

Шынында да, кітап – адамның жан дүниесін тануға, ұлттық болмысты ұғуға мүмкіндік беретін жол. Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени әріптестікті нығайту – жастар арасында оқуға деген қызығушылықты арттырып, оны сапалы білім алудың, мазмұнды әрі қызықты демалыстың маңызды әрі лайықты жолы ретінде тануға ықпал етеді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -