Өткен жылдың қорытындысы бойынша Малайзиядан келген қонақтар қатары 2023 жылмен салыстырғанда бес еседен астам артты. Бұл Kazakh Tourism мен малайзиялық «AirAsia X» әуе компаниясы арасындағы жемісті әріптестіктің нәтижесіне айналды.
Өткен жылы елімізге Малайзиядан 17 мыңнан астам адам келді. 2023 жылы бұл көрсеткіш 343 мейманды құраған. Сингапур мен Индонезия тұрғындары арасында да Қазақстанға қызығушылық артып келеді. Алматы бағытына сұраныстың жоғары болуына байланысты малайзиялық әуе компания рейстердің жиілігін аптасына 5 ретке дейін арттырды.
«Қазақстан туристер үшін ғана емес, халықаралық бизнес үшін де тартымды бағытқа айналып келеді. Куала-Лумпур мен Алматы арасында тікелей әуе байланыстың ашылуы туристік және іскерлік қарым-қатынастарға жаңа мүмкіндіктер ашты. AirAsia X компаниясымен бірлескен жұмысымыз Қазақстанға өсіп келе жатқан Оңтүстік-Шығыс Азияның тұтас нарығына жол ашты. Мыңдаған саяхатшылар еліміздің көркем табиғатымен және бай мәдениетімен танысуда», — деп атап өтті «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының басқарушы директоры Шырын Мусина.
Малайзиялық әуе компаниясы Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде Қазақстан бойынша саяхатты дәріптеуде. 2023 жылдың наурызында Куала-Лумпур мен Алматы арасында тікелей рейс ашылғалы бері AirAsia X екі ел арасында 100 мыңнан астам жолаушыны тасымалдады.
«Рейстердің жиілігін көбейтуге Алматыға сұраныстың жоғары болуы және танымалдығының артуы себеп. CNN мен Lonely Planet оны міндетті түрде баруға тұрарлық қала ретінде мойындады. ASEAN өңірінің барлық саяхатшылары енді Куала-Лумпурда қысқа аялдамамен «Орталық Азияның Швейцариясына» ыңғайлы жете алады. Бұл бүкіл аймақта туризм мен экономикалық байланыстарды дамытуға септесіп, барынша қолжетімді сапарларды ұсынуға деген ұмтылысымызды күшейтеді», — деп атап өтті AirAsia X компаниясының бас директоры Беньямин Исмаил.
Атап өткен жөн, 2024 жылы Kazakh Tourism мен AirAsia X серіктестік орнатып, өзара ынтымақтастықты дамыту туралы келісімге қол қойды.