Тұтынушылардың құқықтары басты назарда: ЕАЭО-да құқықтық талдау тетігі іске қосылады

1342
Фотосурет: ЕАЭО

Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) шеңберінде тұтынушыларды тең құқықтық қорғау қағидатын қамтамасыз ету мақсатында мүше мемлекеттер осы саладағы заңнамаға шолулар жүргізуге уағдаласты, деп хабарлайды DKnews.kz.

Шолуларды уәкілетті мемлекеттік органдар дайындайды және қолданыстағы нормалардың тиімділігін талдауға, сондай-ақ пысықтауды немесе жаңартуды талап ететін ережелерді анықтауға бағытталған.

Мұндай шолулардың нәтижелері мемлекеттік органдарға, қоғамдық бірлестіктерге және халықтың өзіне осы саладағы құқықтық реттеу туралы толық, жүйелі ақпарат алуға көмектеседі. Сондай-ақ, бұл ЕАЭО елдеріне бір-бірімен тәжірибе және үздік шешімдермен бөлісуге мүмкіндік береді.

Шолуда тұтынушылардың қауіпсіздігі мен денсаулығын қамтамасыз ететін, олардың экономикалық мүдделерін қорғайтын, тауарлар мен қызметтер туралы маңызды ақпаратқа қол жеткізуге мүмкіндік беретін, заң көмегіне, білім алуға және қоғамдық ұйымдардың жұмысына қатысуға кепілдік беретін заңдар туралы мәліметтер болуы мүмкін. Сондай-ақ, жаңа бағыттарға – электрондық саудадағы тұтынушылардың құқықтарын қорғауға және дербес деректерді қорғау мәселелеріне назар аударылады.

Шолуларды өткізу тәртібі мен кезеңділігін мүше мемлекеттердің өздері айқындайды. Олардың қорытындылары Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) жанындағы бейінді Консультативтік комитеттің отырыстарында ұсынылуы мүмкін.

Шолуларды өткізудің жалпы тәсілдері туралы ұсынымды ЕЭК Алқасы ағымдағы жылдың ақпан айында қабылдады. Бұл ЕАЭО шеңберінде тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында неғұрлым тиімді, түсінікті және заманауи заңнаманы құру жолындағы маңызды қадам.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -