Қазақстанда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес балаларға тең мүмкіндіктер жасау бағытында кешенді әрі жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Осы мақсатта Қазақ тағамтану академиясы мен сарапшылар тобының қатысуымен ҚР Оқу-ағарту және Денсаулық сақтау министрліктері мектептерде тамақтанудың жаңа стандартын әзірледі, деп хабарлайды DKnews.kz.
Астанада өткен дөңгелек үстел барысында жаңа стандарттың негізгі қағидалары таныстырылып, оны білім беру ұйымдарына енгізу жолдары жан-жақты талқыланды. Іс-шарада сөз сөйлеген Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев еліміздегі барлық мектептерге ғылыми негізделген бірыңғай ас мәзірін енгізудің — оқушылардың денсаулығын сақтау және сапалы білім алуға жағдай жасау жолындағы маңызды бастама екенін атап өтті.
«Балалардың қауіпсіздігі мен денсаулығы — мемлекет саясатының басты бағыттарының бірі. Дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастыру — болашақ ұлт саулығының кепілі. Мемлекет басшысының қолдауымен мектептерде тегін тамақтандыру жүйесі енгізілді. Ендігі басты мақсат — берілетін тағамның сапасы мен қауіпсіздігін толық қамтамасыз ету. Ол үшін тиісті заңнамалық негіз қалыптастырылды, енді жергілікті атқарушы органдар стандартты ары қарай жүзеге асыруды қамтамасыз етуі тиіс», – деді министр.
2023 жылдан бастап елімізде бастауыш сынып оқушылары мен әлеуметтік тұрғыдан осал санаттағы балалар үшін тегін ыстық тамақпен қамту жүйесі енгізілді. Биылғы оқу жылында бұл қамқорлықпен 1,7 миллионға жуық бала қамтылды.
Одан бөлек мектеп асханаларындағы қызмет сапасын арттыру үшін заңнамалық талаптар айтарлықтай күшейтілді. Атап айтқанда, тамақтануға құқылы оқушылардың есебі әлеуметтік әмиян жүйесі арқылы автоматтандырылды, қоғамдық бақылау тетіктері кеңейтілді, тамақтандыруды ұйымдастыру қағидалары жетілдіріліп, жаңа стандарт бекітілді. Айта кетейік, мектептегі тамақтанудың жаңа стандарты 2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап ресми түрде қолданысқа енеді.