Бүгін Қазмедиа орталығында шығармашылық бағыттағы білім беруді дамыту және мәдениет пен өнер саласында кадрлар даярлау мәселелері бойынша сараптамалық кездесу өтті. Іс-шараға Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов, шығармашылық мектептердің, колледждер мен жоғары оқу орындарының басшылары, сондай-ақ бірқатар шетелдік және отандық сарапшылар қатысты, деп хабарлайды DKnews.kz.
Кездесу барысында еліміздегі шығармашылық бағыт бойынша білім беруді одан әрі дамыту, негізгі үрдістері мен бағыттары туралы талқыланды. Сонымен қатар, қатысушылар сертификатталған білім беру бағдарламаларын енгізу, жасанды интеллект дәуіріндегі мәдени білімнің рөлін, шығармашылық бағыттағы жоғары оқу орындарының «Erasmus+» бағдарламасына қатысу мүмкіндіктерін талқылады. Жиын соңында қатысушылар кешенді шараларды әзірлеу және озық тәжірибелер мен сұраныстағы бағдарламаларды бейімдеу қажеттігі туралы ортақ пікір білдірді.
Айта кетейік, бүгінде министрліктің қарамағында 10 шығармашылық білім беру ұйымы – 4 ЖОО, 4 колледж және дарынды балаларға арналған 2 мектеп-интернат бар. Оларда 10 мыңнан астам адам оқиды және 4 мыңнан астам педагог пен қызметкер жұмыс істейді. Оқу орындарына конкурс орта есеппен бір орынға 9 үміткерден келеді.