Бангкоктағы Азия чемпионатының бірінші күні Қазақстан Қорғаныс министрлігі Армия орталық спорт клубы спортшыларының жетістігімен ерекшеленді, деп хабарлайды DKnews.kz.
48 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Ғалия Тынбаева қоржынға алғашқы жүлде салды. Ол тобықтан жарақат алғанына қарамастан, жекпе-жектің басында айтарлықтай артықшылыққа ие болып, қытайлық Чен Хао Линді жеңіп, үшінші орын иеленді. Осылайша, қазақстандық дзюдошы екінші жыл қатарынан Азияның қола жүлдегері атанып отыр. Жартылай финалда ол жапондық Хикари Йошиокиге есе жіберді.
Екінші қола медальға армия спортшысы Шерзод Давлатов ие болды. Ол 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өзбекстандық спортшы Бахром Ботуровпен болған жекпе-жекте айқын жеңіске жетті. Жартылай финалда Шерзод Давлатов Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері қытайлық дзюдошы Ян Юн Вэйден жеңіліп қалды.
Айта кетейік, құрлықтық біріншілікке Армия орталық спорт клубының бес спортшы-нұсқаушысы қатысып жатыр.