Астанада Ұлттық ұлан сарбаздары «Таза Қазақстан» акциясына қатысты

1925
Фотосурет: ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ҚР ІІМ Ұлттық ұланның Бас қолбасшылығының әскери қызметшілері мен 6636 әскери бөлімінің сарбаздары игі іске атсалысты, деп хабарлайды DKnews.kz.

Елорданың Байқоңыр ауданы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған іс-шарада әскерилермен бірге жастар қозғалысы өкілдері мен студенттер де болды.

Акция барысында жауынгерлер Астанадағы саябақтардың бірінде ағаш отырғызып, қоршаған ортаны қоқыстан тазартты. Олар жасыл желекке оранған аумақтағы қураған шөптер мен түрлі қалдықтарды жинады. Әскери қызметшілердің бұл бастамасы табиғатты аялау және оған жанашырлық таныту сияқты маңызды құндылықтарды дәріптеуді мақсат етті.

– Бұл акцияға қатысу – біз үшін үлкен жауапкершілік әрі абырой. Табиғатты қорғау – әрбір азаматтың борышы. Кең ауқымды іс-шараның арқасында Астана қаласында мен еккен көшет бой тіктейтін болады. Мен отырғызған ағаш Астанадағы әскери қызметімді еске салып тұратыны сөзсіз, – деді Отан алдындағы борышын өтеп жүрген қатардағы сарбаз Дүйсенбек Сатыбалды.

Осылайша, ұландықтар Мемлекет басшысы көтерген бастамаға қолдау білдірді. Олар осы арқылы ел аумағында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға өз үлестерін қосты.

Айта кетейік, аталған акция құқықтық тәртіп әскерінің барлық бөлімдерінде өткізіліп жатыр.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -