Жеңістің 80 жылдығына арналған ғылыми-практикалық конференция: көзқарастар мен зерттеу бағыттарын талдау

1826
Фотосурет: Gov

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Ұлы –Жеңіс: ерлікке тағзым – жастарға үлгі» республикалық іс-шаралар жоспары аясында «Екінші дүниежүзілік соғыс: тарихи сабақ және бүгінгі ұстаным» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.

Конференция жұмысына Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Еуразия ұлттық университетінің басшылығы, танымал тарихшылар, ардагер журналистер, әскери ғалымдар, Қарулы күштердің ардагерлері және қоғам өкілдері қатысты.

Баяндамашылар жаңа ұрпақ санасындағы Екінші дүниежүзілік соғыс туралы тарихи жадының эволюциясы мәселелерін қарастырып, аталған мәселелер бойынша жүргізген зерттеулерін ортаға салды.

Бүгінгі конференцияның негізгі мақсаты – Ұлы Жеңісті ғылыми тұрғыдан жан-жақты пайымдау, соғыс жайындағы тарихи білімді насихаттаудың жаңа жолдары мен тәсілдерін іздестіру, оларды өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беруде қолдану Отставкадағы генерал-майор Еділ Оразов

Қарулы күштердің ардагері, профессор, тарих ғылымдарының докторы отставкадағы генерал-лейтенант Абай Тасболатов Екінші дүниежүзілік соғыстың тарихы мен сипатына кеңірек талдау жасап, тағдыры беймәлім батырлар туралы тың деректерді мәлім етті.

Ардагер журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Жанболат Аупбаевтың «Есімі елге белгісіз ерлер» тақырыбындағы баяндамасы болашақ журналистер мен тарихшыларға арналды. Елеусіз қалған есімдер мен тұтқындар тағдыры туралы тың толғамдары соғыс тақырыбын зерттеушілер үшін таптырмас тақырып болды.

Әскери журналистика ардагері, «Ақпарат саласының үздігі», отставкадағы полковник Сапарғали Жағыпаров қазақстандықтардың нацизмді жеңуге қосқан үлесі өшпес ерлік пен даңқты тарихтың ажырамас бөлігі болғанын атап өтті.

Ал Еуразия ұлттық университеті Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы Задаш Дүкенбаева Екінші дүниежүзілік соғыстың тарихнамасы мен деректеріне сүйеніп, ғылыми ізденістердің жаңа көзқарастары мен бағыттарына тоқталды.

Елімізде Екінші дүниежүзілік соғыста хабар-ошарсыз кеткен жауынгерлерді іздестіріп, жерленген жерлерін табуда «Atamnyn Аmanaty» қоғамдық бірлестігі тынымсыз еңбек етіп келеді.

Бұл жөнінде қоғамдық бірлестік төрағасының орынбасары, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы әскери кафедраның оқытушысы Әбубәкір Смайылов жан-жақты хабардар етті.

Жиын соңында армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери колледждің ұланы Ерасыл Секен сөз алып, батырлардан қалған аманатқа адал болуға сендірді.

Ғылыми-тәжірибелік конференция аясында Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Әскери-тарихи мұражайы мен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған көрмесі ұйымдастырылды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -