Атырауда 200-ден астам жас маман жұмысшы жастар форумына қатысты

1265
Фотосурет: Gov

Мемлекет басшысының 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар» жылы деп жариялау бастамасын қолдау мақсатында Атырау қаласында жұмысшы жастардың республикалық форумы басталды. Іс-шара Атырау облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен және ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өткізілуде, деп хабарлайды DKnews.kz. 

Форумға Алматы және Шымкент қалаларынан, Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Ұлытау, Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарынан 200-ден астам жұмысшы мамандықтар өкілдері мен студенттер қатысып жатыр.

Екі күндік форум аясында «Қазақстанның еңбек нарығы және жұмысшы мамандықтар болашағы» тақырыбында пленарлық отырыс және TEDx форматындағы Isker Talks зияткерлік конференциясын өткізу жоспарланған.

Сондай-ақ қатысушылар жұмысшы мамандықтар саласындағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған жобаларды таныстырады. Ең үздік алты бастама авторлары 500 000 теңге көлемінде шағын грантқа ие болады.

Форум барысында белгілі қазақстандық спикерлер ұжым арасындағы бірлікті дамыту, әлеуметтік қолдау, заманауи дағдылар мен жұмысқа орналасу стратегиялары тақырыптарында сөз сөйлейді.

Іс-шараның мәдени бағдарламасында концерт пен «Сарайшық» музейіне экскурсия ұйымдастырылады.

Сонымен қатар жұмысшы жастар аллеясының ашылу салтанаты өтеді, алғашқы ағаштарды форум қатысушылары отырғызады.

Форумның мақсаты — жастар арасында жұмысшы мамандықтары мен техникалық мамандықтарды насихаттау, сондай-ақ тәжірибе, білім алмасуға, кәсіби дамуды арттыруға бағытталған жас мамандар қауымдастығын қалыптастыру.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -