ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен Оңтүстік Кореяның білім беру вице-министрі О Сок Хван Алматы қаласында Қазақстанның әлемдік білім беру кеңістігіне одан әрі интеграциялану мәселелерін талқылады, деп хабарлайды DKnews.kz.
Кездесу барысында Саясат Нұрбек Оңтүстік Кореядан келген әріптестеріне Қазақстанда Орталық Азия білім беру хабын құруға бағытталған жобалар мен шетелдік университеттер филиалдарының осы жобадағы рөлі жайлы айтып берді. Сол филиалдардың бірі биылғы оқу жылында алғашқы студенттерге есігін айқара ашады деп жоспарланып отыр.
«Қазір Түркістан қаласында Кореяның Woosong University филиалы ғимаратының құрылысы жүріп жатыр. Ол жаңа оқу жылының алдында ресми түрде ашылады. Алғашқы қабылданған студенттерге арнап Woosong University 110 шәкіртақы бөлді, біз де өз тарапымыздан қазақстандық студенттерге қосымша гранттар бөлетін боламыз», – деді министр.
Сонымен қатар Саясат Нұрбек кореялық және қазақстандық университеттердің бірлескен білім беру және ғылыми жобалары туралы да айтты. Атап айтқанда, Оңтүстік Кореяның машина жасау саласындағы ең тәжірибелі университеттерінің бірі – Dong-Eui University Ахмет Байтұрсынов атындағы университетпен бірлесіп, Қостанайдағы автомобиль зауыттары үшін инженер-механиктерді даярлау үстінде. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті SeoulTech Ұлттық ғылым және технология университетімен бірлесіп, қос дипломдық білім беру бағдарламаларын іске қосады, ал Сәтбаев университетінің Металлургия және байыту институты Оңтүстік Кореяның KAIST өнеркәсіптік технологиялар институтымен бірге сирек кездесетін жер металдарын қайта өңдейтін орталықты іске қосып жатыр.
Оңтүстік Кореяның вице-министрі О Сок Хван:
«Қазақстанда жоғары білім беру саласы қалай дамып жатқаны мені таңғалдырды. Осындай мықты әлеуетімен және жүйелі түрде құрылған әдістермен Қазақстан Орталық Азияның білім беру нарығында жетекші орын алатынына сөзсіз сенімдімін», – деді.
Сондай-ақ ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен Оңтүстік Кореяның білім беру вице-министрі О Сок Хван Алматы қаласында ашылған «Кореяда оқу» («Study in Korea») көрмесінің ашылуына қатысты. Мұнда 30-дан астам корей университеттері өз экспонаттарын ұсынды. Көрме аясында Корей университеттерінің филиалдарында оқуға дайындық бойынша кеңестер де берілді.