Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінде «Кредиттік рейтингтік агенттіктер туралы» Қазақстан Республикасының жаңа Заң жобасын талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Іс-шараға Агенттіктің, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының, кредиттік бюролардың, екінші деңгейдегі банктердің өкілдері және тәуелсіз сарапшылар қатысты.
Заң жобасы 2022 жылғы 26 қыркүйекте бекітілген Қазақстан Республикасының қаржы секторын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында баяндалған Мемлекет басшысының тапсырмасы шеңберінде әзірленді.
Құжат бірқатар негізгі міндеттерді шешуге бағытталған, олардың ішінде рейтинг берілетін адамдар мен кредиттік рейтингтерді пайдаланушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, сондай-ақ рейтингтік қызметтердің жергілікті нарығын дамыту және қаржылық инфрақұрылымды нығайту үшін қолайлы жағдайлар жасау.
Агенттік Төрағасының орынбасары Мария Хаджиева өзінің құттықтау сөзінде жаңа заңның қабылдануы тәуекелдерді бағалау жүйесін жақсартуға, қаржылық операциялардың ашықтығын күшейтуге және инвесторлардың сенімін арттыруға ықпал ететінін атап өтті.
«Кредиттік рейтингтік агенттіктер туралы» заң жобасы кредиттік тәуекелдерді тәуелсіз рейтингтік бағалау институтын дамытуға жағдай жасайды, бұл халықаралық рейтингтік агенттіктерге тәуелділікті азайтуға, бизнес үшін мүмкіндіктерді кеңейтуге және ESG-бағалау тетігін жақсартуға мүмкіндік береді» Мария Хаджиева
Заң жобасы Халықаралық бағалы қағаздар жөніндегі комиссиялар ұйымының (IOSCO) үздік практикаларын қоса алғанда, озық халықаралық тәжірибе негізінде, сондай-ақ сарапшылармен және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықта әзірленді.
Заң жобасы жеті негізгі бағытты қамтиды, атап айтқанда, рейтингтік қызмет қағидаттарын белгілеу, кредиттік рейтингтік агенттіктердің қызметіне қойылатын талаптар, халықаралық және шетелдік агенттіктерді тану рәсімдері, жергілікті агенттіктерге қойылатын талаптар және мүдделер қақтығысын басқару.
Дөңгелек үстел барысында қатысушылар жобаның негізгі ережелерін егжей-тегжейлі талқылап, оның қабылдануына қолдау білдірді. Заң жобасы «Ашық НҚА» интернет-порталында жария талқылаудан өтті.