24 сәуірден бастап ҚР ІІМ Ұлттық ұлан академиясының 800-ден астам курсанты төрт ауысымда тәулік бойы бөгеттерді нығайту және қорғаныс шекараларын салу жұмыстарына жұмылдырылды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Оларға қосылған 6637 әскери бөлімінің 400 әскери қызметшісі де қауіпті аймақта ауысыммен қызмет етуде.
Бүгінгі таңда ұландықтардың күшімен инертті материалдары бар 200 мыңнан астам қап дайындалды. Салынған бөгеттің ұзындығы 2 шақырымнан асады. Бұл күш Солтүстік Қазақстан облысы Тепличное ауылының тұрғындарын ықтимал табиғи апаттардан қорғау мен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған.
Күн сайын сол жерде еңбек ететіндердің арасында Академия курсанты Тимур Қайырханов та бар. Ол өзінің 23-ші туған күнін ерекше жағдайда атап өтті. Жеке мерекесіне қарамастан, өзіне жүктелген тапсырмаларды орындауды жалғастырған Тимур осы міндеттің маңыздылығына тоқталды:
- Біздің көмегіміз тұрғындарға қаншалықты қажет екенін түсінеміз. Бұл міндетті орындау арқылы әрқайсымыз жалпы қауіпсіздік мәселесіне үлес қосамыз, - дейді ол.
Әскери қызметші әйелдердің күшімен жеке құрамның моральдық рухын сақтау үшін тамақтану және жылыту пункттері ұйымдастырылған. Бұл әскери қызметшілерге тәулік бойы қиын жағдайда қызмет ету кезінде күш пен денсаулықты сақтауға мүмкіндік береді.
Бөгет жасап, қауіптің алдын алу жұмыстары әлі де жалғасуда. Ұландықтар осы жолдағы міндеттері мен азаматтар алдындағы борыштарын адал атқарып келеді.